САУРАН АУДАНЫНДА ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

9

Сауран ауданында отбасын қолдау бағытындағы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа Отбасын қолдау орталығы ресми түрде ашылды. Бұл маңызды шара 1 наурыз — Алғыс айту күніне сәйкес өткізілді.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сейілхан Ыбыханұлы алғы сөз айтып, жобаның маңыздылығын атап өтті.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров отбасы – қоғамның тірегі екенін және осы орталықтың ашылуы арқылы әр отбасының тұрақтылығы мен бақытын қамтамасыз етуге атсалысатындығын мәлімдеді. Ол, сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік жағынан осал топтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында отбасын қолдау орталықтары құрылып жатқанын жеткізді.

Ашылған Отбасын қолдау орталығы ақпараттық-кеңестік, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру қызметтерін ұсынады. Орталықтың негізгі мақсаты — әлеуметтік жағынан осал топтарға, көпбалалы аналарға, ерекше қажеттілігі бар адамдар мен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету, олардың өмір сүру сапасын арттыру және экономикалық дербестігін нығайту.