«ДОМБЫРА – РУХТЫҢ ҮНІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

73

Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – рухтың үні» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтап, күй өнерін жас ұрпаққа насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, ұлттық домбыра күні жасөспірімдердің патриоттық сезімін арттыруда ерекше маңызға ие күн. Бұл мереке арқылы өскелең ұрпақ ұлттық мұраны танып, құрметтеуге, әрі өз болмысын мақтан тұтуға тәрбиеленеді. Домбыра күні Түркістан қаласындағы мектептерде, колледждерде арнайы іс-шаралар, яғни күй тартыс, көрмелер, концерттер өтеді. Бұл шаралар жасөспірімдердің ұлттық өнерге қызығушылығын оятып, мақтаныш сезімін қалыптастырады. Домбыра күні арқылы жасөспірім өз елінің басқа халықтардан ерекшелігін сезінеді. Бұл ұлттық бірегейлік пен мақтаныш тудырады – бұл да патриотизмнің бір түрі.
Бағдарлама аясында «Ақжайық» музыка мектебінің оқушылары ұлттық нақыштағы бірнеше күйді нақышына келтіре орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар айтыскер ақындар мен өнер саласының танымал өкілдері арнау өлеңдерін оқып, ұлттық мұрамыздың маңызын жыр жолдарымен жеткізді. Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі өнерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен өнерпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Жалпы ұлттық домбыра күні – жасөспірімдерге өз халқының өнерін, тарихын, рухани байлығын жақындататын мейрам. Бұл күн арқылы олар өздерін қазақ қоғамының бір маңызды мүшесі ретінде сезініп, Отанға деген махаббаты мен жауапкершілігін арттырады.

Жасөспірімдер патриоттық тәрбие бұрынғыдан да тереңдей түсуі қажет. Себебі бұл кезеңде жастар өз ұлтының, мемлекеттің тағдырына жауапкершілікпен қарай бастайды. Университеттер мен колледждерде арнайы жобалар, дебаттар, әскери-патриоттық клубтар, еріктілер қозғалысы арқылы елге қызмет етуге деген ұмтылысты арттыруға болады. Сондай-ақ, оқу бағдарламасына Қазақстанның жетістіктері мен қазіргі даму жолдарын қамтитын пәндер мен курстарды енгізу — студенттің азаматтық санасын қалыптастыруға үлкен әсер етеді. Жастар тек өткенмен мақтанып қана қоймай, ел болашағына үлес қосуға ұмтылуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары ұлтына, нәсіліне қарамастан тең құқылы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі де ортақ екенін ерекше атап өтуге болады. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Отаныңның бостандығы мен Тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзіңнің табанақы, маңдай теріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да Қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сияды.

Жастардың бойына жоғары патриоттық сезімді және Отанына деген адалдықты қалыптастыру қажет. Ол үшін әр адам өз Отанының мүддесін қорғауда азаматтық борыштары мен конституциялық міндеттерін атқаруға әрқашан дайын болуы тиіс.   Әрине, ешкімге де елін, жерін, Отанын зорлықпен немесе жалынып-жалбарынып сүйгізе алмайсың. Елжандылық, туған жерге деген құрмет-әркімнің дербес парызы, ар-ұятының ісі. Ол дүниеге шыр етіп келгеннен пенденің пешенесіне бірден ұялай қалмайтыны ақиқат. Ол санаға біртіндеп қалыптасып, тынымсыз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын ұлы сезім. Патриотизм, отаншылдық сезімі ананың құрсағынан даритын биологиялық құбылыс емес, бұл психологиялық құбылыс.