ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҚТАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА РЕЙД ӨТКІЗІЛДІ

22

Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарының алдын алу және жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың заңсыз төгілуіне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Аталған бағыттағы кезекті түсіндіру жұмыстары бүгін аудан әкімдігі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өткізілді. Шара барысында Іляев және Писсарев көшелеріндегі тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтау және рұқсатсыз қалдық төгудің заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тексеру кезінде кейбір тұрғындардың көшеге өздігінен құрылыс қалдықтарын төккені анықталды. Құқық бұзушыларға заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескертулер берілді. Тұрғындар қалдықтарды жақын күндері өз күшімен тазалайтындарын айтып, заң талаптарын сақтауға дайын екендіктерін білдірді.

Еңбекші ауданы әкімдігі мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын және тұрғындарды қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақыратынын ескертеді.

Заңсыз құрылыс нысандарына жол берілмейді

Елді мекендерді дамыту және құрылыс салу Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамаларына сәйкес, бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары аумақтардың ұйымдастырылуын айқындайтын негізгі құжаттар болып табылады. Бұл құжаттар елді мекендердің кешенді дамуын қамтамасыз етеді және ретсіз құрылыстың алдын алуға бағытталған.

Бұл туралы ӨКҚ ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәмлихатында айтылды.

БҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Азамат Агалеуовтің айтуынша, елдімекен аумақтарында өз бетінше құрылыс салуға тыйым салынады. Мұндай құрылыс ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес заңсыз деп танылып, құқықтық жауапкершілікке әкеп соғады.

Құрылыс салу үшін бірнеше маңызды талаптар мен рәсімдер бар:

  1. Жер учаскесіне құқық болуы.
  2. Бастапқы материалдарды алу (құрылыс үшін қажетті техникалық шарттар).
  3. Эскизді әзірлеу және келісу.
  4. Жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау және сараптамадан өткізу.
  5. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлау.
  6. Салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру.

Алайда, құрылыс салушылардың заңнама талаптарын сақтамау фактілері жиі кездеседі. Уақыт үнемдеу немесе заңнаманы білмеу себебінен құрылыс жұмыстары тиісті рұқсаттарсыз жүргізіледі.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заң талаптарын бұзу жауапкершілікке әкеледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұлдар бекітілген. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында елдімекендерде заңсыз құрылыстарға қатысты 67 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 15,5 млн теңге айыппұл салынды. Ал 2023 жылы осындай 84 іс бойынша 26,1 млн теңге айыппұл өндірілді.

Заңсыз құрылыс объектілері көбіне мәжбүрлі түрде бұзылуға жатады. Мысалы, 2024 жылы 4 нысанға қатысты мәжбүрлі бұзу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, Индустрия және құрылыс министрлігі нүктелік және заңсыз құрылыстарды «заңдастыру» тәжірибесін толықтай тоқтату туралы шешім қабылдады.

Елді мекендерді дамытудағы заңнамалардың орындалуы тек мемлекеттің емес, әрбір құрылыс салушының жауапкершілігіне байланысты. Құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды азайту үшін барлық тараптардың заң талаптарын қатаң сақтауын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдардың бақылау шаралары мен заманауи технологияларды қолдану маңызды рөл атқарады.