Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің символы, Түркістан рухының көрінісі

27

Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің айғағы, елдің егемендік тарихын, ұлттық бірегейлігін, болашаққа бағытталған мақсатын бейнелейтін қасиетті нышандар. Ту, Елтаңба мен Әнұран – жай ғана белгілер емес, олар халықтың тарихи санасында қалыптасқан ұлттық рухтың көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістан қаласының тұрғындары үшін мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – тек заң алдындағы міндет емес, рухани жауапкершілік. Қазақ халқы тарихта небір зобалаң кезеңдерді бастан өткеріп, азаттық жолында сан ғасыр арпалысқан. Сол күрестің нәтижесінде қол жеткен Тәуелсіздік – бүгінгі рәміздер арқылы халықтың санасына бекіп, ұлт болмысының біртұтас белгісіне айналды. Бүгінгі Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – отансүйгіштік пен ұлттық мақтаныштың, азаматтық біртектіліктің басты символы. Ал Түркістан секілді тарихи маңызды өңірде бұл рәміздерге деген құрмет пен ұқыптылық екі есе маңызға ие. Түркістан – ғасырлар бойы елдік идеялардың тоғысқан, ұлт тағдыры таразыға түскен жері. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен көне дәуірдің сәулеті, рухани орталықтар мен қазіргі заманғы мәдени кешендер – мұның барлығы ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Осы киелі мекенде мемлекеттік рәміздерді дәріптеу – халықтың рухани деңгейін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.

Қалада білім беру, мәдениет, спорт салаларында мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған іс-шаралар жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мектептерде арнайы “Мемлекеттік рәміздер күні”, патриоттық форумдар, спорттық іс-шаралар алдында Әнұранды орындау, Туды көтеру – бұл дәстүрге айналып, жас ұрпақтың жадында ұлтқа деген сүйіспеншілік ұғымын бекітіп келеді. Түркістан қаласының көшелерінде, мекемелерінде Мемлекеттік Тудың биікке ілінуі, Елтаңбаның ресми ғимараттарда орнатылуы – бұл көріністер халықтың мемлекетке деген сенімі мен сүйіспеншілігін айғақтайды. Әрбір азамат осы нышандарға құрметпен қарау арқылы өзінің Тәуелсіздік алдындағы жауапкершілігін көрсетеді. Себебі рәмізге деген құрмет – мемлекеттің болашағына деген құрмет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында рәміздерді құрметтеу – ұлттық сана мен азаматтық мәдениеттің көрінісі екенін бірнеше мәрте баса айтты. Бұл қағидат Түркістан жұртшылығы үшін де басты бағытқа айналуы тиіс. Өйткені Түркістан – тек тарихи қала ғана емес, ұлтты рухтандыратын, ұрпақты елдікке тәрбиелейтін символдық мекен.Қорыта айтқанда, Түркістан қаласының әрбір тұрғыны мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күнделікті өмірде, қызметінде, отбасында ұрпаққа үйрету арқылы танытуы тиіс. Себебі рәміздер – өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі жауапкершілік пен болашаққа қалатын ұлт аманаты. Түркістанның осындай ұлы міндетті абыроймен атқара беретініне сенім мол.

Қазақстан Республикасының Конституциясының мемлекеттік рәміздерге арналған 9 және 34-баптарында: «Әркім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық кодексінде осы міндетіне салғырт қараған азаматтарды жазалау шаралары көрсетілген. Ел азаматтарына және заңды тұлғаларға туды қорлауға және мазақ етуге қатаң тыйым салынады. Қазақстан туы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан биік тұруы тиіс. Тіпті белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлғаға немесе беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету кезінде де төмен түсірмеу керек.

Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау 3000 айлық есептік көрсеткішке (айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылдың қаңтарынан бастап – 3 692 теңге)  дейінгі мөлшерде айыппұл салумен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқаруымен (қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімі – 900 сағат) немесе 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және орындау тәртiбiн бұзған азаматтарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 458-бабы бойынша, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады. Осы бапта мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбағаны үшін лауазымды тұлғаларға – екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Осы баптың бірінші және екінші тармақтарында көрсетілгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде рәміздерді пайдалану тәртібін екінші мәрте бұзса – төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді.