Мемлекеттік рәміздер – азаматтық жауапкершіліктің және ұлттық сананың негізі

28

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны – халқымыздың тәуелсіз ел болғанын паш ететін ең маңызды әрі құнды белгілер. Бұл нышандар біздің өткенімізді еске түсіріп, бүгінгі бейбіт тірлігімізді айғақтап, болашаққа деген сенімімізді күшейтеді. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – тек патриотизмнің ғана емес, сонымен қатар ел заңдарына, қоғамдық тәртіпке, азаматтық жауапкершілікке деген құрметтің көрсеткіші. Түркістан қаласы – тарихи жады мен мәдени тұтастықтың символына айналған мекен. Бүгінде бұл қасиетті қала жаңғырып, елдік сана мен мемлекеттік идеологияны дәріптейтін ірі рухани орталыққа айналды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету Түркістан халқы үшін қалыпты дәстүр ғана емес, ұлттың болашағына деген шынайы жанашырлықтың бір көрінісі.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – Конституциялық міндет екенін ұмытпауымыз қажет. Алайда бұл міндетті орындау заң талабымен шектелмей, әр адамның жүрегінен, ішкі сенімінен туындауы керек. Түркістан қаласында осы бағытта кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен студенттер арасында рәміздерді дәріптеуге бағытталған кездесулер, дөңгелек үстелдер, шығармашылық байқаулар – патриоттық тәрбиенің маңызды құралына айналған. Қаладағы мемлекеттік және жеке мекемелерде мемлекеттік рәміздерге арналған бұрыштар орнатылып, ондағы нышандар талапқа сай ұқыпты орналастырылған. Бұл – әрбір мекеменің өз ұжымы мен келушілерге елге деген құрметті көрсетудің нақты қадамы. Сонымен бірге, қала көшелерінде ілінген Тулар мен Елтаңбалардың тазалығы мен дұрыс күйде тұруына да жергілікті әкімдік пен қоғамдық ұйымдар айрықша мән береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік рәміздерге деген құрметті тек ресми деңгейде ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табатындай жағдай қалыптастыру өте маңызды. Бұл үшін ата-аналар өз балаларына жеке үлгі болып, Тудың мәнін, Елтаңбаның мағынасын, Әнұранның рухын түсіндіріп отыруы қажет. Себебі ұлттық құндылықтар ұрпақ санасына отбасыдан бастау алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің негізі, ұлттық санамыздың ажырамас бөлігі,” – деп атап көрсеткендей, рәміздерге деген құрмет – әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Түркістан қаласы – тарихи тамыры терең, рухани мұрасы бай аймақ ретінде мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін дәріптеуде белсенділік танытып келеді. Бұл үрдіс келешекте де жалғасын тауып, азаматтардың ел алдындағы жауапкершілігін арттыра беретініне сенімдіміз. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі ұрпақтың бойындағы ұлттық сана мен азаматтық мәдениетке тікелей байланысты.

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақта­нышы мен абыройы. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаз­дыққа деген табанды ұмтылысының сим­волы. Сонымен қатар баршамызды мыз­ғымас бірлікке ұйыстыратын, әрбір аза­матты Отан үшін күнделікті қажырлы ең­бек етуге және үлкен жетістіктерге үн­дейтін күш. Мемлекет басшысы

Қ.Тоқаевтың өзі: «Қасиетті нышан­дары­мызда қазақтың мыңжылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Ту халқымыз үшін қашанда ерлік пен елдік­тің символы саналған. Көк түріктер зама­нында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөн­бейміз!» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақ­тан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік Туы жел­біреді. Көк байрағымыз – мызғымас мем­лекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азат­тықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұра­нымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тә­уел­­сіздіктің осы үш символы халқы­мыз­ға ерекше рух береді. Әрқайсысы­мыз­дың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы» деген болатын.