Мемлекеттік рәміздер – ұлттық болмыс пен ұрпақ жадының ажырамас бөлігі

Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны – Тәуелсіздігіміздің темірқазығы, халқымыздың тарихи жадын, рухани тұтастығын және ортақ болашағына деген сенімін бейнелейтін аса маңызды мемлекеттік нышандар. Мемлекеттік рәміздерге құрмет – азаматтың елге деген шынайы сүйіспеншілігін, ұлттық сана-сезімінің қалыптасқанын білдіреді. Түркістан қаласы бұл ретте бүкіл елге үлгі боларлықтай рухани-мәдени орталық ретінде рәміздердің қадір-қасиетін насихаттауға ерекше ден қойып отыр. Түркістан – қазақ халқының тарихындағы тағдырлы шешімдердің, ел тұтастығының, ұлттық идеялардың тоғысқан жері. Бұл шаһарда ел бірлігі мен берекесін сақтаудың, Отанға деген адалдықтың ұлы үлгілері ғасырлар бойы қалыптасты. Қазіргі Түркістан – дамушы заманауи қала ғана емес, ұлттық рухты дәріптейтін орталық. Осы тарихи миссия аясында қала тұрғындарына, әсіресе жас ұрпаққа мемлекеттік рәміздердің мәнін ұғындыру, оларға құрметпен қарауды үйрету маңызды міндет болып саналады.
Мемлекеттік рәміздерге немқұрайлы қарау – ұлтқа немқұрайлы қараумен тең. Сондықтан Түркістанда бұл мәселе ұдайы назарда. Мектептерде, колледждер мен ЖОО-ларда «Менің Туым – менің мақтанышым», «Рәміздер – елдігімнің белгісі», «Әнұран – жүрек үні» сынды тәрбие сағаттары, тақырыптық жиындар мен байқаулар өткізіліп келеді. Балалар мен жастардың бойында патриоттық сезім мен мемлекеттік символдарға деген құрметті сіңіру – Түркістанның тәрбие мен білім жүйесінің басым бағытына айналған. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі нысандарда Мемлекеттік Тудың және Елтаңбаның дұрыс әрі талапқа сай орналасуына, Әнұранның ресми орындалу мәдениетіне мән берілуі – тұрғындар арасында құқықтық және мәдени жауапкершіліктің қалыптасқанын көрсетеді. Мемлекеттік органдар, мектептер, мекемелер бұл бағытта үлгі болуға тиіс, өйткені рәміздерге деген құрмет ең алдымен мемлекеттік тәртіп пен тәрбие мәдениетінен басталады.
Мемлекеттік рәміздер – барша қазақстандықтарды біріктіретін ортақ ұғым. Түркістан секілді тарихи қалаларда бұл ұғым әлдеқайда терең, мәнді. Себебі Түркістан – елдік сананың, мұраттың, ұлт тағдырының шежіресі. Осы қасиетті жерде өмір сүріп жатқан әрбір азамат өзінің өмірлік тәжірибесімен, іс-әрекетімен жастарға үлгі болып, рәміздерге деген шынайы құрметтің қандай болу керектігін көрсетуі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: “Біздің рәміздеріміз – ұлтты біріктіретін күш. Оларды қадірлеу – тарихты қадірлеумен тең,” – деп атап өткендей, бұл нышандарға құрмет көрсету – ел болашағы үшін атқарылатын нақты әрі маңызды әрекет. Түркістан қаласы – ұлт рухының, ел бірлігінің және мемлекетшілдік идеяның нақты тірегі. Бұл қалада мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау – азаматтық ұстаным мен рухани мәдениеттің көрінісі. Сондықтан әрбір түркістандықтың міндеті – өз баласына, айналасына, ұрпағына ел рәміздерінің қадірін түсіндіру, соның үлгісі болу. Себебі ел рәмізіне деген құрмет – елге деген құрмет.
Мемлекет басшысы байрағымыздың биікте желбіреп, елдің абыройын асқақтатуы — ата-бабалар аманатына бүгінгі ұрпақтың адалдығын көрсететіне екпін түсіре айтты. «Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты. Біз 4 маусым күні ғана мемлекеттік рәміздерді еске алып, көп жағдайда өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары формальды түрде, дөңгелек, үстел, конференциялар және флэш-мобтармен ғана шектеліп жатамыз. Мәселен Ту бейенелген төсбелгіні депутаттардың ғана еншісіне беріп қойдық. Бұл дұрыс шығар, дегенмен де мектеп оқушыларына да осындай Ту мен Елтаңба бейнеленген төсбелгілерді қолдануымызға не кедергі? Мұның арқасында бала санасында рәміздерге деген түсінік ертерек қалыптасып, құрметі де арта түсер еді. Мәселен туыс Түркия елінде асханада да, көлік жөндейтін орталықтарда да Тулар ілініп тұрады. Көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды деп саналатын ғимараттардың сыртқы қасбеттері тумен үнемі көмкеріліп тұрады. Бұл елдікке, елдіктің нышаны болған рәміздерге деген үлкен құрметтің белгісі. Бізге де осындай идеология керек. Қазақстанның барлық өндірістерінде еліміздің Туы ілініп тұруы қажет – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.