Түркістан ынтымақ пен тұрақтылықтың берік тірегі

Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің басты кепілі – ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық. Бірлік бар жерде береке бар екенін ғасырлар бойы дәлелдеп келе жатқан қазақ халқы бүгінде бейбіт өмір мен қоғамдық келісімді ең басты ұлттық құндылықтардың қатарына қойып отыр. Осы орайда Түркістан қаласының ел ішіндегі ынтымақ пен тұрақтылықты нығайтудағы тарихи, рухани және қазіргі заманауи рөлі айрықша. Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы ғана емес, ұлтаралық достық пен дінаралық келісімнің нақты үлгісі. Қала тарихында сан ұлттың өкілдері бейбіт өмір сүріп, ортақ құндылықтар төңірегінде біріге отырып, ел дамуына үлес қосты. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында топтасқан рухани мұралар – тек діни емес, сонымен қатар татулық пен ізгіліктің нышаны ретінде сан ғасырлық бірліктің символына айналды.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы жаңа дәуірге қадам басып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және инфрақұрылымдық даму жағынан қарқынды ілгерілеуде. Бұл дамудың артында – қоғам ішіндегі өзара түсіністік, келісім мен ынтымақ бар. Халықтың билікке деген сенімі, заңға деген құрметі және ортақ мүдде үшін жұмыла еңбек етуі – қаланың тыныштығын қамтамасыз етіп, тұрақты өсуге негіз болуда. Қалада этносаралық келісімді сақтау, мәдени әртүрлілікті қолдау және жастар арасында рухани құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйлері мен этномәдени орталықтар халықтар арасындағы бірлікті күшейтіп, қоғамда бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін орнықтыруда маңызды рөл атқаруда.
Сонымен қатар, Түркістанда өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі іс-шаралар – тек туризмді емес, түрлі халықтар арасындағы достықты нығайтудың да тиімді тетігі. Бұл жиындар елді мекендеген әртүрлі этнос өкілдері үшін ортақ құндылықтар мен ынтымақтастықты дамыту алаңына айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, “Бірлік пен татулық – еліміздің ең басты жетістігі. Біз осы құндылықтарды әрдайым сақтап, дамытуымыз керек.” Бұл қағида Түркістан қаласының әрбір тұрғынының жүрегінен орын алған. Түркістан – елдің берекесін бекемдейтін, түрлі мәдениеттер мен ұлттарды біріктіретін, бейбіт өмір мен өзара түсіністікті өркендететін мекен. Бұл қалада өмір сүріп жатқан әр азамат тұрақтылық пен ынтымақты сақтау жолында өз үлесін қосып келеді. Сол себепті, Түркістан – тек тарихи астана ғана емес, елдегі бірлік пен тұрақтылықтың шынайы символы, берік тірегі.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бейбітшілік пен этносаралық достықты, ынтымақтастықты нығайту басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Әр ұлт пен ұлыс өз мәдениеті мен әдебиетін және әдет-ғұрпын сақтап, оны дәріптеу үшін әр облыста орталықтар құрылған. Ал еліміз бойынша ең алғашқы достық үйі Өскеменде ашылды. Қазіргі таңда елде 40-тан астам достық үйі бар. Бұл нысандар этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналды. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осы ерекшелікті ескере отырып, елімізде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылды. ҚХА-ның басты ерекшелігі – оның конституциялық мәртебесі мен ел дамуына қосатын практикалық үлесі.Бүгінде Ассамблея елдегі 100-ден астам этнос пен 20-дан астам конфессияның өкілдерін біріктіріп, бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды екенін түсіндіріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – тек өткен жолды қорытындылау ғана емес, жаңа міндеттер мен мақсаттарды айқындайтын маңызды кезең. Алдағы уақытта заң факультеті мен ҚХА арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, этносаралық құқықтық реттеу саласында жаңа зерттеулер мен бастамалар жүзеге асатыны сөзсіз.“Бірлік. Татулық. Келісім.” – осы ұран ел дамуындағы басты құндылық ретінде қала бермек.