Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны, Түркістан тұрғындарының ар-ожданы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Тәуелсіз еліміздің егемендігін, тұтастығын, тарихи жолын, ұлттық рухы мен мұратын айшықтайтын қастерлі белгілер. Ту, Елтаңба және Әнұран – әрбір қазақстандықтың жүрегінде терең орны бар, мемлекетіміздің бет-бейнесін көрсететін рухани әрі саяси құндылықтар. Осы ұлық белгілерге ұқыпты әрі құрметпен қарау – барша азаматтың, соның ішінде Түркістан қаласының тұрғындарының да азаматтық борышы әрі патриоттық парызы. Түркістан – руханият пен тарих тоғысқан қасиетті мекен. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімімен суарылған бұл өлке ғасырлар бойы елдің бірлігі мен тұтастығына қызмет еткен. Бүгінде Түркістан қаласы – тек мәдениет пен өркениет орталығы ғана емес, мемлекеттік идеологияны, ұлттық символдар мен құндылықтарды ұлықтайтын, ұрпаққа үлгі көрсететін тарихи астана. Сондықтан да, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет бұл жерде ерекше болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы әрбір азаматқа осы нышандарға қатысты нақты құқықтар мен міндеттер жүктейді. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – жай ғана белгілер емес, оларды қадірлеу арқылы біз өзіміздің тарихымызды, елге деген сүйіспеншілігімізді, Тәуелсіздікке деген құрметімізді білдіреміз. Түркістан қаласының барлық мекемелерінде, білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындар мен алаңдарда рәміздердің қолданылу тәртібі мен сақталу жағдайы қатаң бақылауда. Бұл – елге деген сенім мен құрметтің көрінісі. Қала тұрғындары арасында рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар, флешмобтар, тәрбие сағаттары, патриоттық форумдар мен көрмелер ұйымдастырылуда. Әсіресе мектеп оқушылары мен жастар арасында мемлекеттік рәміздер тарихын, мағынасын, қолданылу мәдениетін тереңірек танытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс Түркістан жастарының бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етіп отыр.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан Түркістандағы әр отбасы, әр ұстаз, әр мемлекеттік қызметкер мен кәсіп иесі мемлекеттік рәміздерге деген құрметті өзінің күнделікті әрекетімен көрсете білуі керек. Туды көтеру – тек рәсім емес, ол – елдің абыройын биіктету. Елтаңбаны іліп қою – заң талабын орындау ғана емес, ұлттық санаға қызмет ету. Әнұранды орындау – салт-дәстүр мен тәуелсіздікті дәріптеу. Осындай қарапайым көрінетін, бірақ терең мағынасы бар қимылдар арқылы әрбір түркістандық өзінің азаматтық тұлғасын қалыптастырады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: “Мемлекеттік рәміздер – біздің Тәуелсіздігіміздің мызғымас негізі. Оларға деген құрмет – елге деген құрмет.” Бұл сөз әрбір азаматтың жүрегінде жатталуы керек ұлы ұстаным. Түркістан жұртшылығы да бұл идеяны толық қолдап, рәміздерді ұлықтау жолында үлгі болуға тиіс. Түркістан – тек өткеннің шежіресі емес, болашаққа бағыт беретін, елдің елдігін көрсететін маңызды аймақ. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет бұл қасиетті қалада жоғары деңгейде болуы – заңдылық. Себебі Түркістан халқының жүрегінде ұлттық рух, елге деген сүйіспеншілік пен бейбіт өмірге деген ниет әрқашан алда тұрады. Мемлекеттік рәміздер – осы рухтың, осы арманның, осы елдіктің нақты көрінісі. Оларды құрметтеу – әрбіріміздің ел алдындағы қасиетті міндетіміз.
Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Міне осыншама еңбектердің арасынан біздің бүгінгі күнге дейін жетіп отырған рәміздеріміз таңдалып алынды.