ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ӨНДІРІС ПЕН КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Төлеби ауданында кәсіпкерлік саласы дамып, бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Аймақта шағын және орта бизнес өкілдері өңірдің экономикалық дамуына үлестерін қосып, инвестициялық жобаларға ден қойған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына барып, өндіріс орындарының жұмысын бақылады. Кәсіпкерлермен жүздесіп, өңірде өндіріс саласын дамыту жолында жан-жақты қолдаулар болатынын айтты.
Алдымен аймақ басшысы Киелітас ауылындағы битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» ЖШС нысанын аралап көрді. Кәсіпорын жетекшісі нысанның жұмыс жүйесін тарқатып, алдағы жоспарын баяндады.
Зауыт 2011 жылы іске қосылған, 2022 жылы модернизациялау жүйесінен қайта өткен. Бүгінде мұнда автокөлік жолдарына арналған битум өнімдері шығарылады. Кәсіпорын тәулігіне 1000 тонна, ал жылына 300000 тонна зат өндіруге қауқарлы. Зауытта 140 адам жұмыс істейді. Мұнда ішкі және сыртқы экспорт ісі дамыған. Өнімдер республикадан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне жөнелтіледі.
Одан кейін облыс әкімі Ленгір қаласында орналасқан тігін цехының жұмысымен танысты. Аралау барысында жұмыс жүйесіне оң баға беріп, бұл салаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.
Мұнда жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Цехта тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне экспортталады.