АШЫҚТЫҚ ПЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ҚОҒАМНЫҢ СЕНІМІН НЫҒАЙТАДЫ

24

Шымкент қаласына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен, сондай-ақ шығармашыл жастармен жүздесті.

Кездесуде еліміздің ақпарат кеңістігін дамыту, БАҚ-тың қазіргі жағдайы, медиа саласындағы жаңашылдықтар, жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ, мәдениет пен кино саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Министр Президент реформалары аясында іске асырылып жатқан бастамаларға және министрлік құзыретіндегі барлық бағыттар бойынша кешенді баяндама жасады.

Мемлекеттік наградтауға қатысты бірқатар өзгерістер қабылданған болатын. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл түзетулердің басты мақсаты – кандидаттарды қарау барысында ашықтықты, әділдікті және объективтілікті қамтамасыз ету.

– Жаңартылған нұсқаулықта құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар нақты көрсетілген. Енді наградтау қағазында үміткердің еңбек жолы, ел мен халық алдындағы еңбегі толық жазылып, қылмыстық құқықбұзушылықтар жөніндегі мәліметтер де жасалған уақытына қарамастан көрсетілуі тиіс. Жекелеген жағдайларда ішкі істер органдарынан мінездеме сұратылатын болады. Көпбалалы аналарды марапаттау мәселесінде де жаңа тәртіп енгізілді. Сонымен қатар, енді мемлекеттік наградалардың көшірмелері (дубликаттары) қымбат бағалы металдар қолданылмай дайындалады. Ал мемлекеттік наградаларға құқықты қалпына келтіру уәкілетті органдардың өтініші мен тиісті сот шешімдерінің негізінде жүзеге асырылады, – дейді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр 2025 жылғы 17 наурыздан бастап «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енгенін еске салды. Жаңа ережеге сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік органдардың қоғаммен маңызды ақпаратты қалай бөлісетінін қадағалайды.

Тексеру қашықтан жүргізіледі — мамандар мекемелерге бармай-ақ, құжаттар мен ресми интернет-ресурстар арқылы талдау жасайды. Тоқсанына бір рет органдардың заң талаптарын сақтау деңгейі бағаланып, қажет жағдайда ескерту жолданады. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар заңда ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту, ақпарат саласында мемлекеттік бақылауды енгізу, ақпараттың ашықтығы мен белсенді таралу қағидатын бекіту сияқты нормалар қамтылған. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдар үшін ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету мәселесі де назарға алынған.

Министр өз баяндамасында бұл өзгерістер елдегі ашықтық пен жариялылықты ілгерілетіп, қоғамның сенімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Аталған өзгерістер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Атап айтқанда, ақпаратқа қол жеткізу мәселесі бойынша министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, ол халықтан келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды саралап, әрбір әкімдіктің халықпен байланысын қадағалап отырады, – деді министр.

Жиында бүгінгі қазақ киносының жай-күйі де көтерілді. Аида Балаеваның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес министрлік жанынан арнайы сараптамалық топ құрылып, отандық фильмдердің идеологиялық мазмұнына сараптама жасалады.

– Бұл — цензура емес, керісінше, қоғамның сұранысына сай, тәрбиелік мәні жоғары туындылардың көбірек шығуына ықпал ететін қадам. Кино – көрерменге, әсіресе, жастарға, тікелей әсер ететін қуатты құрал. Бүгінгі жасөспірімдер экрандағы кейіпкерлерге еліктейтінін ескерсек, олардың бойында патриоттық сезім мен ізгі құндылықтарды қалыптастыратын образдар жасау аса маңызды. Сондықтан алдағы уақытта министрлік мақұлдаған, сапасы мен мазмұны талапқа сай фильмдер ғана прокатқа шығарылады. Қазақ баласына үлгі боларлық жаңа кейіпкерлер өмірге келеді деп сенеміз,– деді министр.

Министр жақында прокатқа «Капитан Байтасов» атты халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігін баяндайтын жаңа туынды шығатынын да айтып өтті.

Кездесу барысында қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға енгізілетін өзгерістер мәселесі де көтерілді. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын реттеу тетіктері талқыланды.

«Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Заңның тиімді әрі сапалы болуы үшін баршамыздың атсалысуымыз маңызды», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, Аида Балаева жергілікті жұртшылықты толғандырған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»