ТӘУЕЛСІЗДІК – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛЫ ҰСТЫНЫ

173

Республика күні – халқымызды азаттыққа бастаған ұлық мереке. Барша отандастарымызды осынау мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!

Қайта жаңғырған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің егемендікке жету мақсатындағы құқықтық бастауы Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңындағы Қазақ КСР-ы Жоғарғы кеңесіндегі ұлтжанды азамат, кемеңгер заңгер Салық Зиманов бастаған бір топ депутаттардың жасаған тарихи құжатында көрініс тапты. Олар қоғамның зор өзгеріс алдында тұрғандығын сезді. Жаңа белестерге шығу мүкіндігін жіберіп алмауды жақсы білді. Қазақстан атты іргелі егеменді ел болу бақыты көрінді. Осы мақсатқа жету үшін тарихи құжат жасау қайраткер депутаттардың зор шабытын туғызды. Депутаттар құжат жасау барысында республикамыздың егемендік құзыреттерін әлі де сүйегі сөгіле қоймаған одақтық шарттың талаптары арқылы реттелетіндігін көрсетуге мәжбүр болды. Сол үшін де ол құжат заң емес, декларация деп аталды. Ел тәуелсіздігін рәсімдеудің бастапқы қадамы болған бұл құжат сол кездердегі кеңестік империя кеңістігінде болып жатқан экономикалық және саяси дүрбелең жағдайында әзірленді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдауына алуан түрлі кедергі жасады, сондықтан халқымыз үшін тағдыршешті осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық батылдықтың актісі болды.

1776 жылы 13 британ отарының метрополиясынан бөлініп, дербес, тәуелсіз мемлекет – Америка Құрама Штаттарының құрылғаны секілді қазақ депутаттары да АҚШ-тың демократтарының жасаған үлгісімен Тәуелсіздік декларациясын дайындады. Тәуелсіздік Декларациясында адамдардың заң алдындағы теңдігі, олардың өмір сүруге деген табиғи құқығы, бостандығы мен бақытқа ұмтылуы жарияланады. Ең бастысы, Тәуелсіздік декларациясын жариялаған мемлекетті құқықтық субъекті ретінде дамыған елдер дипломатиялық тұрғыдан мойындауы қажет болатын. Осыны мақсат тұтты біздің озық ойлы депутаттар.

Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны талқылау отырысы ұзақ болыпты. 3 күнге созылыпты. 1990 жылдың 25 қазанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы негізінде қабылданған. «Республика – егеменді мемлекет. Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады» деп басталатын құжат 17 баптан тұрды. Сонымен қатар, алғаш рет Қазақ КСР-нің басқа егемен республикалармен ерікті одаққа бірігіп, келісімшарт негізінде қатынас жасай алатын егемен мемлекет мәртебесін жариялады. Ел тарихында тұңғыш рет демократиялық-құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланды, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасу негізі қаланды. Талас болды. Айталық, «Қазақ республикасы», «Қазақ елі» болсын деген тақырыпта. Философия және құқық институты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы тілтану институтының ғалымдары сол кезде «Қазақ Республикасы» деген атауды ұсынған екен. Шындығында ол уақытта басқа ұлттың үлес салмағы жоғары еді. Сондықтан да, таласты қояйық деп декларацияға «Қазақстан» деген сөзді енгізуді ұсынған – Мұрат Әуезов болыпты. Декларацияның алғашқы нұсқасын қабылдауда Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Серікбосын Әбділдин, Шахмардан Есеновтердің саяси ерік-жігері шешуші рөл атқарыпты. Арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен бару үшін қайраткер ағаларымыз осындай қадам жасады. Олардың жасаған құжаты 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Констит-уциялық заңына құқықтық негіз болып қаланды. Сонымен қатар,1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Конституцияның құқықтық нормасын заңнамалық тұрғыдан айқын қалыптастырды, бағыт берді.

Біз енді егемендіктен айрылып қалмауды ойлауымыз керек. Біздің мемлекет болуымыз үшін ең бірінші – отансүйгіш жастар керек, біртұтас халық болуымыз керек. Жер керек. Одан кейін мемлекетте нық орныққан ана тіліміз керек. Осы үшеуін қатар ұстамай, тізгінді шылбырымен қосып, біріне көңіл аударып, екіншісіне көңіл аудармай кетсек, біз қателік жіберіп аламыз. Егемендік ұғымын жастардың санасына берік орнықтыру маңызды. Тәуелсіздік құндылығын олардың санасына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Көз алдымызда төртінші өнеркәсіптік технологиялық даму үрдісі жүріп жатыр. Сөйлесу пункттері мен таксофондардың қызметі керек болмай қалды. Үй телефондарынан да бас тартып жатырмыз. Бүгінде бұл функцияларды бір ғана смартфон атқарады. Интернет пен ұялы байланыс дүниені өзгертті. Осылар өз-өзінен пайда болып, дамып жатқан жоқ. Бұл адами капиталы дамыған елдердің өнімдері. Адами капиталдың материалды байлықтан да құнды екендігін тағы да айқындалып келеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болуы керек» деп атап көрсетті.

«Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде бекіткен алғашқы конституциялық маңызы зор акт болып табылды. Ол тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың бастауы және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды. Осынау үлкен істі жасаған санаулы сәтте ерекше қайрат көрсеткен жоғарғы кеңес депутат-тарының отан алдындағы ерлігі деп түсінуіміз қажет.

Өткен жылдан бастан әділдік салтанат құрып, мемлекеттілікке жол салған құнды құжаттың тарихтағы орны бағаланып, ұлттық деңгейде қайта мерекеленетін болды. Құтты болсын!

Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!

Бахадыр АЙТАЙ,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымдары кандидаты

#Республика_күні