Шымкентте 35 мың халқы бар екі шағынаудан сапалы интернетпен қамтылды

1158

Шымкент қаласының 35 мың халқы бар шалғай орналасқан 2 шағын ауданынға жоғарғы жылдамдықты талшықты оптика желісі тартылды. Цифрландыру басқармасының тарапынан атқарылған жұмыстарды бүгін қала әкімінің орынбасары М.Исаховтың қатысуымен өткен пресс-тур барысында БАҚ өкілдері арнайы барып танысты.

Соның бірі Қаратау ауданына қарасты 4 мыңнан астам үйі бар Ақжайық шағынауданы. Бүгінгі күні, «i-LinkNet» мекемесі шағынауданға талшықты оптика желісін толық жүргізді. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель тартты. Ондағы өтініш қалдырған 500-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізді.

Сонымен қатар, компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартты. 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді. Аталған шағынауданның өтініш білдірген алғашқы 100 үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініштер қабылдану үстінде.

Тұрғындар тарапынан кеңжолақты интернет желісіне қосылуға нақты өтінімдер берілген жағдайда, компания тарапы шағынауданды толыққанды талшықты оптика желісімен қамтамасыз етпек. Алдағы уақытта «i-LinkNet» компаниясы Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандарын талшықты оптика желісімен қамтитын болады.