ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан қаласында 18 жылу қазандығы жұмыс істейді. Оның 12-сі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ететін орталық жүйеге қосылған.
Қаладағы 1 және 2 мөлтек аудандарында 75 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, қысқы маусымға толық дайын. Сонымен қатар 97 әлеуметтік нысанда дайындық жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, Түркістан қаласы табиғи газбен толық қамтылған. Қазіргі таңда 45 614 абонент жүйеге қосылған. Оның ішінде, 77 мектеп, 141 балабақша үздіксіз газбен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері жауапты мамандар тарапынан 31 мыңнан астам абонент тексерілді. Нәтижесінде, 8 458 жағдайда кемшіліктер анықталып, тиісті ескертпелер берілген. Сонымен қатар 120 тұрғын үйге газ анықтағыш құрылғы (газосигнализатор) орнатылып, қауіпсіздік деңгейі артты.
Жергілікті әкімдік тарапынан жылу нысандарының дайындығы тұрақты бақылауда. Түркістан қаласы алдағы қыс маусымын тұрақты әрі қауіпсіз өткізуге толық дайын.