
Бүгін аудандық Мәдениет үйінде «Еңбек күніне» арналған салтанатты іс-шара өтті. Жыл сайын қыркүйектің соңғы аптасында аталып өтетін бұл мереке қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарын құрметтеуге арналған.

Мерекеге арнайы қатысқан аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбек адамының қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды.
«Халқымыз «Еңбек – түбі береке» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті» – деп атап өтті.

Салтанат барысында еңбек ардагерлері мен әр салада үздік нәтиже көрсеткен азаматтар марапатталды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков те жүрекжарды тілегін білдіріп, еңбек адамдарына құрмет көрсетті.

Шара кезінде ЛЭД экран арқылы арнайы бейнеролик көрсетіліп, «Темірлан» халық театрының «Еңбек адамдарына құрмет» атты көрінісі қойылды. Көрермендер назарына ұсынылған Мәдениет үйі әншілерінің орындауындағы тақырыптық әндер мен «Шаттық» би ансамблінің ұлттық билері мерекелік көңіл-күйді көтере түсті.

Еңбек күнін мерекелеу – ел дамуына маңдай терімен үлес қосып жүрген әрбір жанға көрсетілген құрмет. Осындай іс-шаралар еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін биіктетіп, баршаға үлгі болары сөзсіз.