САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАҚСЫ ЖӘНЕ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚ ЖОЛДАРДЫҢ ҮЛЕСІ 70 ПАЙЫЗДАН АСҚАН

17

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы Қабланбек ауылдық округіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Өңір басшысы бастаған топ алдымен Сіргелі елді мекеніндегі ішкі көшелерге жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың белгіленген уақытта әрі талапқа сай аяқталуы қатаң бақылауда болатыны атап өтті. Сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне техникалық қадағалауды күшейту жөнінде тапсырма берілді. Бүгінде Сіргелі елді мекеніндегі Қызқұдық, Есқұлов және Д.Спанов көшелерінде жалпы ұзындығы 1,75 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Қызқұдық көшесінің бойына 1 700 метр суағар мен 985 метр аяқжол салынып, 22 дана екіжақты түнгі жарықшамдар орнатылды.

Жалпы ауданға қарасты елді мекендердегі ішкі көшелердің 596,5 шақырымы — асфальт, 358 шақырымы — шағал тас, 35,5 шақырымы — топырақ жол. Қазіргі таңда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 31,757 шақырым жолға асфальт жабындысы төселіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71% -ға жетіп отыр.