“Е-ӨТІНІШ” АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ БОЙЫНША ОҚЫТУ-СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Бүгін Қазығұрт ауданына Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Айдана Әмірбекқызы арнайы келіп, ауданның мемлекеттік қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардағы өтініштерді қарау тәртібін жетілдіру, “Е-Өтініш” ақпараттық жүйесін тиімді қолдануды нығайту және мемлекеттік қызметшілердің әдеп талаптарын сақтау деңгейін арттыру.
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын орындау мақсатында ұйымдастырылған жиында екі маңызды мәселе қаралды. Біріншісі – “Е-Өтініш” ақпараттық жүйесінің жұмысы, өтініштерді уақтылы, сапалы және заң талаптарына сәйкес қарау тәртібі жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айдана Әмірбекқызы мемлекеттік қызметшілердің жүйені қолдануда жиі кездесетін қателіктерді атап өтіп, оларды болдырмау бойынша нақты ұсыныстар берді.
Екінші мәселе – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәдениеті. Бұл бағытта азаматтармен қарым-қатынастың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, қызметтік этика нормаларын ұстану және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жөнінде түсіндірілді.
Кездесу барысында қатысушылар тақырып төңірегінде толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.








