САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН БАРБЕР МАМАНЫН ҚАБЫЛДАДЫ

6

Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев барбер саласы бойынша әлем чемпионы атанған жерлесіміз Мусалиев Умиджон Махаммадалиұлын арнайы қабылдады. Жұмысшы мамандықтары жылына орай Қазақстан мен аудан абыройын халықаралық аренада асқақтатқан жетістігі үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Мусалиев Умиджон Махаммадалиұлы— Сайрам ауданына қарасты Ақсу-2 елді мекенінің тумасы. Ол ерекше әрі сұранысқа ие мамандық иесі — кәсіби барбер. Ресей Федерациясында өткен әлемдік деңгейдегі чемпионатқа 45 елден 1480 қатысушы қатысқан сайыста кәсібилігімен үздік атанып, әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Кездесу барысында аудан әкімі чемпионның алдағы жоспарларын тыңдап, сәттілік тілеп, бұдан да жоғары биіктерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, мұндай жетістіктердің жастарға үлгі болып, еңбекке деген құрметті арттыратынын атап өтті.

Айта кету керек, Умиджон Махаммадалиұлы бұған дейін де әлемнің бірқатар елдерінде өткен халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, өз кәсібінің мықты маманы екенін бірнеше рет дәлелдеген.