АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАҒАН ҰЖЫМ

246

Шымкентте 70-тен астам бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істеп келеді. Оның бірі — «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не қарасты бастауыш ұйым. Біз бүгін оқырман қауымға ардагерлерін ардақтап, оларға құрмет көрсетумен қатар, әлеуметтік мәселелерін де шешуге атсалысып отырған аталмыш ұйымның жұмысына тоқталуды жөн көрдік.

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і — Шымкент қаласының миллионнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етіп, шайынды суды тазарту қызметін тұрақты атқарып келе жатқан ширек ғасырлық тарихы бар мекеме. Бүгінде аталмыш мекемеде ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан 198 ардагер бар. Қала шаруашылығының қым-қуыт тірлігіне атсалысып, ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің 150-і бейнетінің зейнетін көріп, отбасымен бірге болса, 48-і зейнеттен кейін де ұйымның өркендеуіне үлес қосып, өздерінен кейінгі буынға ағалық ақылдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп келеді.
Серіктестікте бастауыш ардагерлер ұйымы 2019 жылдың қарашасында құрылыпты. Мұндағы жұмысты ардагерлер кеңесінің төрағасы Қошқар Нөсеров ағамыз үйлестіріп отыр.
Қошқар Оразымбетұлы — бұрынғы ОҚО, Келес ауданының тумасы. 1974 жылы Ташкент политехникалық инстиутын тәмамдап, 1978 жылға дейін Өзбекстанның Гүлістан құрылыс техникумында еңбек жолын оқытушы болып бастаған. 1978 жылдан «Сырдария облколхозқұрылыс» мекемесінде инженер, бас инженер, басшы қызметтерін атқарып, 1986 жылы Сырдария облыстық жөндеу және құрылыс басқармасында бас инженер лауазымында еңбек еткен. Елге оралған соң, 1993 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің техникалық инспекциясының басшысы болып тағайындалып, тәжірибесін қала шаруашылығында пайдаланған.
— 1995 жылдан бастап облыстық «Су арнасы» басқармасында күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы болдым. 1996 жылдан қала шаруашылығына жауапты бірнеше басқармада лауазымды қызметтерді атқардым. Сөйтіп, 1999 жылы Анарбек Орманов замандасым «Су ресурстары — Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған соң, осында өндірістік техникалық бөлімнің бас маманы болып оралдым. Міне, содан бері өндірістік техникалық бөлімінің бастығы қызметін атқарып, 2015 жылы зейнетке шықтым. Зейнеттен кейін де осы мекемеде еңбек етіп келемін, — дейді ардагер Қ.Нөсеров.
Алайда, ардагер бұл ұжымда бастауыш ардагерлер ұйымы құрылмай тұрып-ақ, «Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» көрсету дәстүрі қалыптасқанын тілге тиек етті.
— Серіктестік жанынан құрылған «Мейірімділік» қайырымдылық қорының көмегімен мекеменің қызметкерлері мен ардагерлеріне қолдау көрсету бұрыннан жүйелі жолға қойылған. Қандай да бір әлеуметтік мәселелер туындай қалса, ардагерлер мекеме басшысына хабарласып отырады. Мекеменің 198 ардагерімен бірдей хабарласып, қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Біздің ұйым ардагерлерінің балалық шағы соғыс жылдарынан кейінгі қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Бірақ олар ешбір кедергіге мойымай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар күш-жігерін осы «Су ресурстары — Маркетинг» мекемесінің дамуына, өркендеуіне жұмсап, жұдырықтай жұмыла білді. Біздің ардагерлеріміз — еңбекқорлығымен, жауапкершілігімен, адамгершілігімен танылған буын. Сондықтан да мекеме басшысы аға буын өкілдерінен қолдауын аяған емес, — дейді Қошқар Оразымбетұлы.
2019 жылы құрылған бастауыш ардагерлер ұйым бүгінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесімен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Жуырда Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС базасында семинар-кеңес өтіп, қаладағы бастауыш ұйымдар бас қосқан. Жиында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС тарапынан аға буынға көрсетілетін құрмет пен ізетке, қолдау шараларына алғысын білдірді.
Мекеме игі шаралардан құр алақан емес. Ең әуелі, әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарға тап болған ардагерлер мекемеге хабарласа қалса, ұжымның жас мамандарынан құрылған еріктілер тобы қол көмегін ұсынуға қашанда әзір. Кешегі қыс қаһарына мінген сәтте қалада ауыз су құбырларына мұз қатып, апаттық жағдайлар жиіледі. Сол кезеңде тәулік бойы халыққа қызмет еткен мамандар өз мекемесінің ардагерлерінің де үйіне барып, су құбырын жалғап беріп отырған. Ал, оған жұмсалған материалдық шығынды толығымен мекеме көтеріпті. Одан өзге зейнеткерлердің үйлеріне барып, жылу жүйесін қайта құру, үй іргелік жерін ретке келтіру, ұсақ жөндеу жұмыстарын жүргізіп, электр жүйесіндегі ақауды да ретке келтіріп отырады.
Қошқар Нөсеровтің айтуынша, мұнда қалыптасқан игі үрдістер жетерлік. Мәселен, әр жыл сайын 1 қазан — халықаралық қарттар күні қарсаңында және Рамазан айында мекеменің әр зейнеткеріне азық-түлік себеті үлестіріледі.
— Наурыз мерекесінде зейнеткерлердің басын қосып, мекеме атынан құрмет көрсету үрдіске айналған. Сонымен қатар, қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы зейнеткерлеріміздің шипажайларға, оңалту орталықтары мен сауықтыру орындарына баруын қадағалап отырамыз. Бүгінде серіктестік зейнеткерлерінің әрбіріне әлеуметтік карта түзілген. Зейнетке шығып, үйінде отырған әр қарияның жағдайын біліп отыруды басшымыз Анарбек Орманов ардагерлер кеңесіне мықтап тапсырған, — дейді ардагер.
Кәсіпорнының басшылығы Шымкент қалалық ардагерлер кеңесіне баспасөзге жазылым ұйымдастырып беруді дәстүрге айналдырған. Бұл — қарияларымыздың қоғамдағы соны жаңалықтан хабардар болып отыруына жасалған игі бастама. Биыл республикалық және жергілікті мерзімді басылымның 15 түрінен 610 дана газетке жазылым ұйымдастырылыпты. Бұл газеттерді мекеме апта сайын қалалық және аудандық ардагерлер кеңесіне жеткізіп беріп отырады. Тіптен, Наурыз мерекесіне орай кәсіпорынның бас директоры Анарбек Орман қалалық ардагерлер кеңесіне 1 миллион теңге қаржылай сый жасап, олардың ізгілікке бағыттайтын жұмысына қолдау көрсетті.

 

«Шымкент келбеті»