БИЗНЕС ИДЕЯ – КӘСІПКЕ ЖОЛ
Шымкентте мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жаңа бизнес идеяларды іске асырған кәсіпкерлердің қатысуымен көрме өтті. Онда 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болып, кәсібін бастаған 150-ден астам шымкенттік азамат өз өнімдерін келушілердің назарына ұсынды.
Көрмеге қойылған тауарлардың арасында ұлттық киімдер, бас киімдер, құрақ көрпе-төсек, зергерлік және әшекей бұйымдары, ұлттық үлгідегі ыдыс-аяқ, тағамдар мен кондитерлік өнімдер, экологиялық тұрғыда таза әрі қауіпсіз құрылыс материалдары және өзге де сан түрлі заттар бар. Тауарлардың басым көпшілігі үй жағдайында және шағын шеберханалар мен цехтарда қолмен жасалғаны байқалады.
–Көрмедегі тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, әдемі, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі. Барлық азаматтар қолқусырып отырмай мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалана отырып осылай өз кәсібін бастаса, жұмыссыздық деңгейі төмендеп, аз қамтамасыз етілген отбасылар да азаяды, — деді көрмені аралап тамашалап шыққан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Кәсіпкерлікті қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының шеңберінде өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Өткен 2022 жылы Шымкент қаласында 1 195 азамат осындай грантты жеңіп алды.
–Мемлекет тарапынан тек қаржы бөлінеді. Әкімдік гранттың кімдерге берілетініне араласпайды. Оны тәуелсіз конкурстық комиссия шешеді. Қаншама адамдар осылай грант жеңіп алып шағын бизнесін бастап, өзі де тұрақты табысқа ие болып, өзгелерді де жұмыспен қамтып жатыр. Бүгінгі көрменің мақсаты – азаматтар талмай жұмыс істеп, нақты өнім шығарып жатқан кәсіпкерлерді өзгелерге үлгі етіп, олардың өнімін көпшілікке кеңінен таныстыру. Бүгінгі көрмеге қатысып жатқан 150 кәсіпкер осы жолмен бизнес бастағандардың бір бөлігі ғана. Барлығын қамту үшін осындай көрмені әр тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіп отырамыз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы 2 392 адам тегін кәсіби оқуға жолданған. 2023 жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, 2 431 адам оқуға жолданатын болады. Сонымен қатар 447 адамға 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.
«Шымкент келбеті»