МЕГАПОЛИСТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 200-ДЕН АСТАМ ЖАСӨСПІРІМ ЕСЕПКЕ АЛЫНДЫ

237

Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлері ересектерден бөлек кәмелет жасына толмағандар арасында да құқық бұзышықтарды болдырмауға бағытталған шаралар атқарады.

Жыл басынан бері ювеналды полиция инспекторларымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде кәмелетке толмағандармен жасалған 51 қылмыс анықталды. Олардың көпшілігі 16-17 жастағы балалар. Ал, жасөспірімдерге қатысты 96 қылмыс орын алған. Нәтижесінде, соңғы тоғыз айда барлығы 227 жасөспірім арнайы есепке қойылды.

Көбінесе мектеп оқушылары өтпелі кезеңде ата-ана тарапынан дұрыс бағыт-бағдар алмағандықтан, уақытылы көңіл бөлінбегендіктен, қажетті жылу сезінбегендіктен шалыс басып жатады. Өз бетінше шешім қабылдайды, араласатын ортасында кикілжіңге жақын болады, өзінен әлсіздерге күш көрсету, әлімжеттік жасау, тіпті зорлық-зомбылық көрсету жайттары да кездеседі.

Осы тұста перзентіне дұрыс тәрбие беріп, тәртіпке салмағаны үшін, жауапкершілігіне алып, қамқорлық көрсете алмағаны үшін 5 тұлға ата-ана құқығынан айырылды. Ал, тәртіпке бағынбаған 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа жолданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашып, қажет жағдайдың барлығын жасау керек екенін айтып, 2022 жылды — «Балалар жылы» деп жариялады. Осы тұрғыда кәмелетке толмағандардың және олар жасаған қылмыстардың алдын алу мәселесі ішкі істер, әділет, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да уәкілетті органдардың міндеті болып айқындалды. Олардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру және жұмысын күшейту прокуратураның қадағалау қызметінің маңызды бағыттарының біріне жатады. Жалпы елімізде балалардың құқығын қорғаудың заңнамалық базасы құрылған, жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыстар үшін жауапкершілік пен жаза күшейтілген, балаларды қорғауға бағытталған маңызды іс шаралар асырылып жатыр. Мәселен, 2021 жылғы 25 тамызда Шымкент қаласының прокуроры мен қалалық уәкілетті органдардың басшылары балалар саудасына қарсы меморандумға қол қойды. Осы Меморандумға сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар жаңа туған, перзентханада қалдырған балалар, балалар үйіндегі және кәмелетке толмағандарды оңалту орталықтағы балаларды тіркеу, есепке қою, хабарландыру және ақпараттандыру жұмыстарын ретке келтіріп, әр баланың есебі жүргізіліп жатыр. Меморандумның басты мақсаты — балалар саудасы фактілерін жолын кесу тұрғысында тәжірибе және әдістер мен тәсілдер бойынша ақпараттық алмасу, құқықтық көмек көрсету. Демек осы құжат арқылы бала саудасына тағы бір тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек, қала прокурорының өкімімен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 63 мобильді топ құрылған.