ІСКЕР БАСШЫ, ҚАРАПАЙЫМ ӘЙЕЛ

893

Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Олардың қоғамда алар орны ерекше. Өйткені отбасы берекесін келтіріп, елдік мүддені сақтауда нәзік жандылардың қосатын үлесі мол. Үй шаруасында ғана емес, аруларымыз саяси қызметті де жауапкершілікпен атқарып жүр. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз соны білдірсе керек.

Бүгінде мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайтуға басымдық беріліп отыр. Ел аумағында жыл сайын отбасылық құндылықтарды нығайту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Өз кезегінде отбасы беріктігін нығайту мен өскелең ұрпақты саналы етіп тәрбиелеуде әйелдердің орны орасан. Асылында, қоғам мен саясатта маңызды рөл атқарып жүрген әйелдер отбасында қандай ана? Осы сұрақ төңірегінде біз басшылық қызметін атқарып жүрген Альбина Елшиеваны әңгімеге тарттық.

Альбина Балғабайқызы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы. Бүгінде 6 баланы өсіріп отырған халық қалаулысы әйелдер тек отбасында бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, өзін ұдайы жетілдіріп отыру керек дегенді алға тартады. Әйелдердің басшылық қызметте болуы қоластындағы әйел қызметкерлерге де қолайлы. Өйткені, қызметкерлер кейбір мәселені басшылықпен талқылау барысында бір-бірін жақсы түсінісіп, ойын еркін жеткізеді.

– Қандай қоғам болса да, жан-жағына ізгілік нұрын себетін әйелдердің орны ерекше. Сондықтан тұрмыстық тауқыметтен арылуда әлеуметтік мәселелерді ретімен шешу керек. Осы орайда әйел өзін қамқоршы ретінде жақсы көрсете алады және жалғастырушы да бола алады. Әйел басшы болсын, мейлі саясаткер болсын, бірінші кезекте отбасы мен балаларының болашағына алаңдап, олардың қиындыққа тап болмауы үшін барын салады. Сондықтан болар әйелдердің сыбайлас жемқорлық тәуекеліне төзбеушілігі де жоғары келеді, — дейді А.Елшиева.

Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстау, алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру, бірінен соң бірі өсіп келе жатқан шиіттей балаларды тәрбиелеуде бір балансты ұстау өте күрделі мәселе. Десе де, кейіпкеріміз осы мәселенің шешімін тапқандай. Өйткені әлеуметтік желідегі парақшасында Елшиеваның ауылдағы қарашаңырақтағы ошақ басында от жағып, қамырын илеп отырған қарапайым келін кейіпіндегі суреттерін жиі көзіміз шалады. Ол туралы өзі былай дейді.

–Қызмет барысы қаншалықты қарбалас болса да, бос уақытты және мереке күндерін отбасыма арнаймын. Мемлекеттік қызмет істесем де мен ең алдымен анамын ғой. Қарапайым қазақ әйелдері секілді балаларға ұнайтын дәмді тамақ әзірлеп, бірге сабағын дайындаймыз, кітап оқимыз. Менің ойымша, баланы тәрбиелеу үшін алдымен ата-ана өзінің әрекеттерін дұрыстау керек. Балаға қанша рет айтыңыз, үйретіңіз, бәрібір түбінде ол сіздің әрекеттеріңізді қайталайды. Сондықтан отағасы екеуіміз балалар алдында мәдениетті сөйлеп, тіпті киім кию үлгісіне де мән береміз. Дана халқымыз «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер» деп текке айтпаған екен, — дейді ол.

Елімізде қоғамдағы ең маңызды салалар – денсаулық сақтау, білім беру ісінде әйелдердің үлесі көп екені көпке белгілі. Ал, басқару жүйесінде жетекшілік қызметте нәзікжандылардың саны артып келе жатқаны көңіл қуантпай қоймайды. Осындай игі қадамдар жалғасын тауып, бәріне бірдей мүмкіндік беріле бергей.