САЙРАМДА ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

6

Сайрам ауданында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірде өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асуда. Соның бір айғағы – жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынып жатқан шағын «Өндірістік парк».

Аталған өндіріс алаңында бірнеше бағыттағы цехтардың құрылысы қатар жүргізілуде. Аудан әкімі Мадияр Оразалиев нысандардың құрылыс барысымен арнайы танысып, жұмыс сапасы мен мерзімінің сақталуына қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Өндірістік парк аумағында қағаз қалдықтарын қайта өңдеу цехы салынуда. Жобаның инвестициялық құны 250 млн теңге, өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20 тонна. Кәсіпорын іске қосылған кезде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, сүт өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде. Оның инвестициялық көлемі 350 млн теңгені құрайды. Цех тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы, іске қосылған соң 30 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, өндірістік парк аумағында күн панелі арқылы электр қуатын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Нысанның қуаттылығы 200 кВт, инвестиция көлемі 50 млн теңге. Жоба іске қосылғаннан кейін 2 адам жұмыспен қамтылады.

Аталған құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.