ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ЕСЕБІНЕН БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕН ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

7

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіндегі бірнеше елді мекенде таза ауыз су жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысты.

— Құрметті жерлестер! Тәуелсіздік күні қарсаңында ауылдастарымызбен бірге қуанышты жаңалыққа куә болып отырмыз. Ең алдымен, жылдар бойы күткен таза ауыз судың әрбір үйге жеткізілуімен баршаңызды құттықтаймын. Аудан тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов пен Жомар Абдибаев, аудан прокуроры Мақсат Мошхалов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар және ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы жауапты мамандарға жаңа нысанды ұқыпты пайдаланып, ауылды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды. Ауыл ақсақалдары өз кезегінде сала мамандарына алғыс айтып, ақ баталарын берді.

Айта кетсек, Жібек жолы ауылдық округінің бірқатар елді мекені ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында, қазіргі және келешек ұрпақтың игілігі үшін ҚР Бас прокуратурасы қайтарған активтер есебінен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгін пайдалануға берілген ауыз су жүйесі шамамен 16 мың абонентке сапалы су жеткізуге қауқарлы. Аталған округтің 5 елді мекеніндегі ауыз су құрылысы жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС-сі жүргізді.

Сарыағаш ауданында жалпы 1 қала, 13 ауылдық округ бойынша 63 елді мекен бар. Оның ішінде 50 елді мекен жалпы 79,3 пайызға бүгінгі күнге дейін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қазіргі таңда,13 елді мекеннің 9-ында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе және Сарқырама, Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, нәтижесінде аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылған елді мекендер саны 54-ке жетіп, көрсеткіш 85,7 пайызға орындалды.

Сарыағаш ауданында инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға елеулі үлес қосуда.