«ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫ» — ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ОЙЫН

45

Тәуелсіздік күні қарсаңында Төлеби ауданының жастары бас қосып, туған өлкенің тарихын тануға бағытталған ерекше зияткерлік додада өзара бақ сынасты. Іс-шараны Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырып, ол Ленгір қаласындағы «Garden Hall» мейрамханасында өтті.

Бұл ойын — тек білім сайысы ғана емес, жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятатын, тарихи санасын қалыптастыратын маңызды шараға айналды. Үш кезеңнен тұратын интеллектуалды додада қатысушылар Төле би бабамыздың тағылымды ғұмырын, ауданның өткені мен бүгінін, сондай-ақ өз логикалық қабілеттерін көрсетті.

Аудан аумағындағы мектептер мен колледждерден жиналған 15 команда туған өлке тарихына деген қызығушылықтары мен білімдерін ортаға салды. Әр кезең тың дайындық пен жылдам ойлануды талап еткендіктен, командалар арасында шынайы тартыс байқалды.

Жарыс нәтижесінде үздік деп танылғандар төмендегідей:

1-орын — “Шоқан жұлдыздары”, Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ (150 000 теңге)

2-орын — “Toleby United”, Т. Назарбеков атындағы ЖББМ (100 000 теңге)

3-орын — “Томирис”, Ханарық ЖББМ (70 000 теңге)

Жастардың белсенділігі мен талпынысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл ойын олардың өз өлкесінің тарихын тереңірек тануына, білімге деген ынтасын арттыруына және бір-бірімен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас буынның интеллектуалдық дамуына бағытталған мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені білімді, рухани бай, туған жерінің тарихын құрметтейтін жас — ел болашағының ең бағалы капиталы.