БАЛАНЫҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУЫ ҮШІН ЖАРАЛҒАН

27

-Түлкібас медия студиясының кезекті қонағы Түлкібас аудандық мүгедектігі бар балаларды оңалу орталығының директоры Тұрсынқұлова Толқын Рысқұлқызы. Алтын уақытыңызды бөліп, әдемі әңгіме өрбіту үшін арнайы келгеніңізге шынайы алғысымызды айтамыз.

Ең әуелгі сұрақты өзіңіз басшылық жасап жүрген ұжымның тарихын танудан бастасақ…

-Армысыздар, құрметті аудан тұрғындары. Ықылас бөліп, керемет студияларыңызға қонақ етіп шақырған сіздің ұжымға да алғысымды білдіргім келеді. Біздің ұжым 2014 жылдың мамыр айында ең алғашқы жұмысын бастаған болатын. Ол уақытта орталық 25 баланы ғана қамтыды. Мақсат мүддесі осы күнге дейін өзгермеген орталық ұжымы күні бүгінге дейін тамаша тірліктер жасады деуге болады. Өйткені, баламен жұмыс жасау, оның ішінде ерекше балалармен уақыт өткізу бұл сіз ойлағандай жеңіл дүние емес. Сондықтан жауапкершілік жүгі басым, шыдамдылығы пен мейірімділігі мол кісілер ғана осы орталықта жұмыс істей алады.

-Негізгі бағыттарыңыз қандай?

-Негізгі бағыт мүгедектігі бар, бөгде адамдардың көмегін қажет ететін балалармен жұмыс жасау, қызмет дағдыларын үйрету. Оларды қоғамнан тыс қалдырмай ортаға баулу, әлеуметтендіру.

-Қазіргі таңда орталықта қанша бала ем қабылдап жатыр?

-Жыл басынан 73 бала оңалту іс шарасынан өтті. Ал, 25 бала тұрақты түрде орталыққа келіп, ем шара қабылдайды.

-Оңалту орталығында қандай ем-шара көрсетілуде?

-Мемлекеттік стандартқа сай және оңалту бағдарламасына сәйкес 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Олар: арнаулы әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік тұрмыстық, әлеуметтік медициналық, әлеуметтік психологиялық, әлеуметтік мәдени, әлеуметтік еңбек, әлеуметтік құқықтану, әлеуметтік экономика қызметтері.

-Орталықта маман тапшылығы бар ма?

— Осы күнге дейін қызмет атқарып келе жатқан мамандардың барлығына осы сәтті пайдалана отырып алғыс айтқым келеді. Олар сондай ізденістері мол қызметкерлер. Бар жақсыны, бар білгенін балаларға үйреткісі келіп тұрады. Қашанда ізденіп, қандай да бір жаңашыл оқу курстары болса барып, дамып отыруға әуес. Осындай тұстары мені қатты қуантады. Ал, ең өкініштісі қазіргі таңда балалар аутизмі көбейіп келеді. Бізде 4 бала келіп, ем алады. Сол балалармен жұмыс жасайтын поведеческие аналетик деген маманы керек. Дефектолог, логопед мамандары да бала саны артып жатқан уақытта керек-ақ. Өйткені, олар ең қажетті мамандар осы біздің орталыққа?

-Мамандардың біліктілігін арттыру қалай жүргізіледі?

-Мемлекет тарапынан қандай да болмасын оқу курстары, семинарлар болса тіпті республикалық деңгейде өтсе де мүмкіндігінше мамандарды жіберіп тұрамыз. Облыстық семинарларға да жиі қатысып отырамыз. Ал, өзге ақылы курс, семинарларды қажетінше, керегінше мамандар өздері барып, қатысып жатады.

— Ерекше балалармен жұмыс жасау үлкен ептілікті һәм жауапкершілікті талап етеді. Басшы ретінде осы тұста сіз мамандардан қандай дүниені талап етесіз?

— Мен ең әуелі мамандарда кең жүректің болуын сұраймын. Өйткені, ерекше балалар біздің жұмысымызға мұқтаж. Өйткені, балалардың жан дүниесін сөзсіз, іс қимылсыз ұғынысу үшін де уақыт керек. Ал уақыт үшін де шыдамдылық қажет. Осындай дүниелер болмаса бұл мамандықпен қоштасқандарыңыз абзал деп ойлаймын.

-Кәсіби маман ретінде орталықтағы іс шаралардың бірнешеуіне куә болғанмын. Сонда менің көзімнің жеткені балалар мен қызметкерлердің арасындағы махабат. Ерекше. Бір біріне деген ықыластары, көзбен түсінісулері де жүректі жылытатын көрініс екен. Ал, эмоциясын білдіре алмайтын балаларды да көрдім. Олармен жұмыс қалай жүреді?

— Орталыққа келуші балалармен ең бірінші он күндік сабақтар өткізіледі. Ол сабақта біз балалардың жан жақты қырын танып, ашуға ұмтыламыз. Сол он күндік аясында біз баланың бағытын біліп, әрмен қарай жұмыс істеуге қолайлы жолды зерделеп дайындаймыз. Сол арқылы жұмыс жүреді. Сен өйте алмайсың, бүйте алмайсың деп шеттетуге құқымыз жоқ. Сол себепті барынша қимыл қозғалысын ашып, эмоциясын білдіріп, моторикаларын дамытуға тырысамыз.

-Орталықтың ата аналармен байланысы қай деңгейде?

-Біз ата аналармен 24/7 байланыста отырамыз. Өз басым әрқашан ата аналарға айтып отырамын қандай жағдай болмасын менімен байланысып отырыңыздар деп. Ортақ чаттары бар. Сол жерде толық ашып, айтып, зерделеніп отырады. Баланың жақсы нәтижеге жетуіне сіз бен біздің ортақ жұмысымыз көмектеседі. Сол себепті жауапты болыңыздар деп үнемі айтып отырамыз. Қысқасы, байланыс жақсы деңгейде.

— «Қазақ» десе өзімізге тиіп жататын сөздер көп. Дей тұрғанмен, баласының денсаулығынан кінәрат табылған отбасылардың дені мұндай жағдайға жетуіне анасын кінәлап жатады. «Сен осылай етіп тудың» деп нұқып, жылатып жатқан отбасыларды өз басым көргенмін. Бұл адам баласын кінәлаудан бұрын, Алланың берген сынағы деп қабылдаған жөн. Сіздің еңбек жолыңызда осылай жылап, іштей тынып жүрген аналар кездесті ме?

— Әлеуметтік психологиқ қызмет түрі жұмыс жасайды. Аптасына бір рет жеке анамен кездесіп, отбасылық мәселелерді талқылап, жылы байланыс орнатады. Бұл ананың жеңілдеуіне үлкен көмек беретін дүние. Сондықтан да мен балалардың аналарына айтамын ұялмаңыз, қысылмаңыздар деп. Өйткені, орталыққа келген баланың ең жанашырлары біз бен сіз деп.

— Орталық осы күнге дейін қандай жетістіктерге жетті?

-Күні бүгінге дейін 500 бала ем шарадан өтті. Соның ішінде 1 баламыз Жоғарғы оқу орнына оқуға түсті. Қазір студент. Ол бізге 6 жасынан бастап келді. 2 жыл бізде орталықта болды. Сосын мектепте білім алды. Сонымен қатар, 4 баламыз Кентау қаласындағы арнайы колледжде оқып жүр. Есепші, тігінші мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіруде. Бұл мен үшін үлкен жетістік деп білемін.

-Жаңа ғимаратқа көшу дайындығы қалай?

-Осы тұста басшы ретінде мен аудан әкімі Асқар Сұлтанұлына алғысымды айтқым келеді. 2025 жылдың басы біздің ұжым үшін жақсы жаңалықпен басталды. Жыл соңына дейін сонда көшуге дайынбыз.

-Орталыққа тағы да қандай көмек қажет?

-Бізге тірек қимыл аппараттары бұзылған балаларға арналып бассейн, гидромассаж болса. Сонымен қатар, иппотерапия. Мұның барлығы заманауи жаңашылдықтар деп ойлаймын. Ірі қалаларда облыс орталықтарындағы оңалту ошақтарында қолға алынған осындай керек дүниелер біздің де балаларымызда болса деген ниет қой. Алдағы уақытта балаларға осы қажеттіліктер қойылып жатса қуанамыз ғой әрине.

— Дәл осы дүниелерді орнату үшін арнайы мекемелерге немесе жауапты мамандарға хат жолдап көрдіңіз бе?

-Иә, әрине. Мүмкіндік бар. Алдымен ғимарат мәселесі шешілсін деп отырмыз. Үміт зор.

-Орталыққа келуші балалардың жас ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

-Бізге мемлекеттік стандартқа сай 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы балалар келеді. Оның ішінде тірек қимылы бұзылған және психо неврологиялық ауытқуы бар балаларды қабылдап келеміз. Мұндай балаларда соңғы бес жылдықта өсім бар. Дәрігерлер мұны туа біткен деп те айтпайды. Бұл даму барасында мінез құлқының бұзылуы деп танып жібереді.

-Күн тәртібі қандай?

-2024 жылдан бастап тасымалдау автокөлігі бар. Медициналық қызметкермен қоса арнайы бір маман балаларды жинап, таңғы 9-ға дейін орталыққа жеткізеді. 09:30-ға дейін балалардың барлығы толық таңғы астарын ішіп алады. Сосын өздерінің белгіленген уақыттары бойынша сабаққа кіріседі.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Алда жаңа ғимаратқа көшсек, жаңа мүмкіндіктер болатын еді. Бала санын көбейтіп, шалғай ауылдағы ата аналардың мүмкіндігін қарастырсақ деген ниет бар.

-Орталыққа келуші балалардың басшысы ғана емес анасы да сіз. Ерекше балаларыңызды тағы қандай ерекшеліктері үшін жақсы көресіз?

-Бұл балаларды «мүмкіндігі шектеулі емес мүмкіндігі шектеусіз балалар» деп айтатын едім. Өйткені, бұл балалар ерекше болады. Арман деген бала бар бізде. Ол бала калькуляторға салмай ақ үлкен сандарды азайту, қосуды 10 секунд ішінде шемішкедей шағып шығарып береді. Ойша. Міне, олардың сондай бір табиғаттан сый болып келген осындай таңқаларлық дүниелері болады. Қызықтап сұрап қоямыз біз. Арман мына саннан мынаны азайтшы деп. Қызық қой баланың қайсысымен де жұмыс жасау. Бізде, қазақта көп дүниеге мән бермей жатамыз. Уақыттың бағасын осы немқұрайлығымыз үшін де білмейміз. Медициналық тұрғыда бала осы жаста сөйлеу керек, 7 айында еңбектеу керек деп белгіленген заңдылық бар. Кейде осы дүниелер болмай жатса үлкендеріміз «И өзімізге ұқсаған, ұл бала сондай болады» деп, жылы жауып қоямыз. Келін болып баласына жаны ашығанымен, ата-ененің алдын орап баласын өбектей алмай жатады. Міне, біздің тәрибедегі қателік осы. Баланың дамуының кешігіп жатқанын сезді ме болды, ұятты да, басқаны да жинап, дәрігерге бару керек. Өйткені, бала біздің ғана емес елдің болашағы. Осыны түсінгеніміз абзал.

-Мұндай балалардың азаймай көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?

-Дәл осы тақырыпты мен дәрігерлермен басқа сала мамандарымен бірігіп зерттейміз. Көп жағдайда ананың күтінбеуі, зиянды дүниелерді пайдалануы, генетикалық факторлар да әсер етеді.

-Сұхбат соңында жылы лебізіңіз, жерлестеріңізге айтар кеңесіңіз болса мархабат.

-Бұл өмір болғандықтан бәрі де болады. Бірақ, жеңіл қабылдауға шақырар едім. Өйткені, әр бала бізге берілген сый. Сол баланың денсаулығына мұқият болуға, болашағына жауапкешілікпен қарауға шақырар едім. Бала ата ананы таңдай алмайды екен. Мынаның баласы болсам деп таңдаймайды. Оны сізге Алланың өзі жібереді. Құдіреттілік осы емес пе? Ал, баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған. Бақытты ету біздің қолымызда. Сұхбат соңында баласын іздеп Ана, анасын іздеп Бала жыламаса деген тілек айтқым келеді.

-Иә, өте орынды сөзбен сұхбаттың нүктесін қойдыңыз. Толқын Рысқұлқызы, осы тұста тағы да өзіңізге алғыс айтып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Балаларыңыз келешектің кемел ұл қызы болып, елдің намысын қорғайтын азаматтар болсын. Сол балалармен мақтанып, студиямызда тағы да тамаша сұхбаттар бересіз деген ниет білдірейік.

Аяжан МӘМЕТ.