СЕНАТОРЛАР ШАРДАРА АУДАНЫНА КЕЛДІ

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары жұмыс сапарымен Шардара ауданына келді. Делегация өңірдегі ірі өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысты.
Сенаторлар индустриялды аймақта орналасқан «Казкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. Кәсіпорынға индустриялды аймақ аумағынан 35 гектар жер телімі бөлінген. Жалпы жоба құны – 35 млрд теңге, ал жобаны толық іске қосқанда 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Өндірістік кешен жылына 150 000 тонна жүгеріні терең өңдеуге бағытталған.
Компания тарапынан 2023–2025 жылдары 17 млрд теңге инвестиция құйылған. Оның ішінде “Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ 3,6 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
Бүгінгі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 98%-ы аяқталған. Қазіргі уақытта 78 қызметкер жұмыс істеуде. Аяқталған немесе әзір тұрған нысандар:
Жүгеріні қабылдау және кептіру кешені;
Жалпы 30 000 тоннаға арналған 6 сақтау қоймасы;
Дайын өнімге арналған 4 қойма;
Әкімшілік ғимарат, жатақхана және асхана;
Жүгеріні терең өңдеу зауыты – аяқталу кезеңінде;
Барлық технологиялық құрал-жабдықтар Түркияның Cemsan компаниясынан әкелініп, толық орнатылған.
Зауытты 2026 жылдың наурыз айында іске қосу жоспарланған. Алғашқы кезеңде 200 адамды жұмыспен қамту көзделген. Жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, ішкі нарықты сапалы крахмал өнімдерімен қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қоспақ.







