АБАЙ АУДАНЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР АУҚЫМДЫ

283

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялар орталығында Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді.

Брифингте Б.Парманов аудан аумағында 34 шағын аудан мен елді мекен орналасқанын, оның ішінде 453 көп қабатты үй, 258 аула мен 2 саябақ бар екенін атап өтті.

Әкімнің айтуынша, Абай ауданына 2017 жылы 22,6 миллиард теңге бөлінсе, 2022 жылы 110,8 миллиард теңге бөлінген. Егер бұл мәлімтті сала бойынша талдар болсақ, 2022 жылы ауыз суға — 5,2 миллиард теңге, сапалы электрмен қамтуға — 5,2 миллиард теңге, табиғи газбен қамтуға — 5,3 миллиард теңге, кәріз жүйесінің құрылысына – 1,4 миллиард теңге және аудан аумағын абаттандыруға 956,1 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ, Б.Парманов биыл жол құрылысы саласына – 2,4 миллиард теңге, көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды жарықтандыруға – 5 миллиард теңге, ал, санитарлық тазалыққа 2,6 миллиард теңге қаралғанын атап өтті.

Абай ауданында бюджет қаржысының айтарлықтай үлкен бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытқа жұмсалған қаржы 2017 жылы – 18,1 миллиард теңгені құраған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 75,3 миллиард теңгеге жетіп отыр екен.

Б.Пармановтың сөзінше, 2022 жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп саласында 56,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, экономикаға 32,7 миллиард инвестиция тартылған. Сондай-ақ, құрылыста 3,9 миллиард теңгенің жұмысы атқарылса, аудан аумағында 65,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.

–Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Б.Парманов.

Бұқарбай Рысқұлұлы аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы ауыз суға 1,9 млрд. теңге бөлініп, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Ал, 2021 жылы 6,9 млрд. теңге қаралып, 9 елді мекенге ауыз су беріліпті.

Сонымен қатар 2022 жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд. теңге бөлініп, Құрсай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2022 жылдың соңында аяқталып, елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

–Абай ауданының 8 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы өмір сүреді. Ал, 207 мың адам тұратын қалған 26 елді мекен кәрізбен қамтылмаған. 2020-2022 жылдары аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған елді мекендерді қамту мақсатында 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде, – деді аудан әкімі.

Б.Пармановтың айтуынша, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 31 елді мекені мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елді мекен жеке меншік транформаторларды пайдаланады. 2021 жылы 5 елді мекенді (Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжар) электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба жасылып, ағымдағы жылы 5,2 млрд теңге бөлінген. Биыл 3 елді мекеннің (Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап) құрылыс аяқталып, сапалы электр жарығымен қамтылып, аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады.

Сонымен қатар аудандағы 34 елді мекеннің 24-і (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылы 1 елді мекен (Алтынтөбе) табиғи газбен қамтылды. Ал, 2022 жылы 5,3 млрд.тг қаралып, 7 елді мекенде (Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас-2, Ақтас, Нұршуақ-2023 жылға өтпелі) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек 2023 жылы 3 елді мекенге (Ынтымақ-2, Айкөл, Тәуелсіздікке 20 жыл) құрылыс жұмыстар жоспарлануда. Ал, 2024 жылы 1 елді мекеннің (Құрсай) жаңақұрылыс аумағы табиғи газбен қамтылатын болады.

Брифинг барысында аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру, жол құрылысы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы және ирригациялық жүйелерді орнату бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.