ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «TURAN BARYSY» АЗИЯ КУБОГЫ БАСТАЛДЫ

255

Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогы басталды. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысып жатыр. Дүбірлі сынның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан төріндегі жарыстың маңызына тоқталды. Ұлттық спортты дамытуға министрлік тарарынан қолдау әрдайым жалғаса беретінін жеткізді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтады.

— Түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістан төрінде бастау алған «Turan barysy» додасына қош келдіңіздер. Бұл Азия кубогына 6 елден ең мықты балуандар келді.

Өздеріңізге белгілі, ұлттық спортымыз — қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем Барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Бүгін қасиетті Түркістан қаласында ересектер арасындағы қазақ күресінен «Тұран Барысы» Азия кубогы басталғалы жатыр.

Бұл додалар халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға серпін береді. спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Біз ұлттық спортымызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Азия кубогына қатысушылар мен ұлттық спорт жанашырларына Түркістан облысының халқы атынан сәттілік тілеп, шынайы алғысымды білдіремін, — деді Дархан Сатыбалды.

Дүбірлі додаға түркі еллерінің ең мықты спортшылары қатысуда. Олардың арасында қазақ күресімен қоса дзюдодан, самбо мен кураштан халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Әзірбайжан құрамасы атынан самбодан екі дүркін әлем чемпионы Эйваз Бақшиев (60 кг) бақ сынайды. Мажарстан құрамасы сапында дзюдодан Еуропа чемпионы Эндре Гунич (82 кг), дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы Барна Бооур (+90 кг) Азия Кубогында жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті. Ал түркиялық Фуркан Гүнер — дзюдодан Еуропа чемпионы атанған мықты спортшы.

Өзбекстан балуандары қазақ күресінен өтіп жүрген халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсетіп жүр. Құрама сапында кураштан әлем чемпионы Умид Есанов (82 кг), кураштан әлем чемпионы, дзюдодан Азия чемпионы Еркін Козоков (90 кг), кураштан үш дүркін әлем чемпионы, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (+90 кг) бар.

Азия Кубогында қазақ балуандарына да үлкен үміт артылып отыр. Қазақстан сапында 90 келі салмақта белдесетін Айдарбек Тоқтарбек 2021 жылы қазақ күресінен әлем чемпионы атанды. 90 келіден жоғары салмақта Ғалымжан Қырықбай «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 2021 жылғы күміс, 2022 жылғы қола жүлдегері.

Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды.

Айтулы іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтеді. Турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».

Турнир «Qazsport» және «TRT Avaz» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.