Түркістан қаласында су спорт түрлерінен олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жылды қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Мақсат – жыл бойы жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегін атап өту.
Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Азия байдаркада және каноэде есу конфедерациясының президенті Прашант Кушваха арнайы қатысып, спортшылар мен бапкерлерге құрмет көрсетті.
Жыл бойы аталмыш спорт мектебінің тәрбиеленушілері республикалық және халықаралық жарыстарда 500-ге жуық медаль жеңіп алып, өңір абыройын асқақтатты. Бұл – Түркістан облысында су спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Салтанатты жиында үздік спортшылар, жаттықтырушылар мен сала мамандарына арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де су спортын насихаттауға қосқан үлесі ескерусіз қалмады.