ТҮРКІСТАНДА«АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН МӘНЕРЛЕП ОҚУ» САЙЫСЫ ӨТТІ
«Ұлы дала Елі» орталығында Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу» атты екі кезеңнен тұратын сайыс болып өтті. Жиынды Түркістан қаласының әкімінің орынбасары Әлия Шалхарова ашып, жарысқа қатысушы өнерлі жастарға сәттілік тіледі.
Сайыста қатысушылардың өнерін бағалайтын қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева, драматург Сая Қасымбек, «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының төрайымы Дана Орманова, мәдениет қайраткері Күлия Смайылқызы қазылық етті.
Аталмыш шараға Отырар, Сауран, Шауғар, Иассы, Бекзат, Бірлік секторларынан үздік деп танылған мектеп оқушылары келді. Қатысушылар бірінші кезеңді Абай атамыздың қара сөздерін оқумен бастаса, екінші кезеңде ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жастардың ықыласын арттыру, халықтың рухани бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылып, секторлар арасында тартысты өткен жарыста 1 орынды Серік Қалдан жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды Шахсанам Рустамова иеленсе, 3 орын Еркежан Асқарға бұйырды. Барлық қатысушы өнерпаздарға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.