ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ МЕН ФРАНЦУЗДЫҢ «VEOLIA» КОМПАНИЯСЫ ТКШ САЛАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІНЕ КЕЛДІ

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымды басқару саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Францияның халықаралық «Veolia» компаниясының өкілдерімен жұмыс барысымен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың әлеуетін және заманауи технологияларды енгізуге, коммуналды қызметтердің сапасын арттыруға әрі қалалық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша «Veolia», Шымкент қаласының әкімдігі және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жылумен қамту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиімді басқару мен жаңарту саласындағы ынтымақтастықты көздейді.
Бірлескен бастамалар қала инфрақұрылымының сапасын арттыруға, энергия үнемдейтін шешімдерді енгізуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және мегаполистің тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айта кетейік, штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан «Veolia» компаниясы Еуропа, Азия және АҚШ-та жобаларды жүзеге асырады, заманауи технологиялар мен экологиялық тұрғыдан орнықты шешімдерді қолдана отырып, муниципалдық және өнеркәсіптік нысандарға қызмет көрсетеді.







