ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ СОФЬЯ БЕРУЛЬЦЕВА КАРАТЭДЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРДЕ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

22

Түркияның Стамбул қаласында WKF каратэден 2026 жылдың алғашқы Karate One премьер-лига турнирі мәресіне жетті. Әлемнің 65 мемлекетінен 400-ге жуық үздік спортшы қатысқан дүбірлі додада Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте 3-орынды иеленді.

Ел қоржынында 2 алтын медаль бар.

Ұлттық құраманың көшбасшысы, шымкенттік Софья Берульцева әйелдер арасында кумитэ +68 кг салмақ дәрежесінде алты кездесу өткізіп, алтауында да жеңіске жетті. Ал финалда непалдық Арика Гурунгты 4:2 есебімен айқын басымдықпен ұтты.

Осылайша Софья Берульцева 2026 жылғы маусымды алтын медальмен бастады. Бұл – оның Премьер-лигадағы бесінші жүлдесі.

Айта кетейік, каратэден Премьер-лига санатындағы жарысқа әлемдік рейтингтегі ТОП-32 спортшылар ғана қатысады.