Шымкентте әлеуметтік мәні бар 64 автобус маршруттарының тізбесі түзілді
Бүгін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс сегізінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде 6 мәселе қаралып, бекітілді.
Сессия жұмысына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Жиын барысында қала әкімдігінің қызметіне қатысты салалар бойынша әлеуметтік мәні бар қоғамдық көлік қатынастарының тізбесіне қосымша маршруттар енгізу мәселесі қаралып, бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Сондай-ақ мектептер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы білім сапасы мәселесі талқыланды.
Жиын барысында сөз алған қала басшысы, сессия жұмысында қала үшін маңызды шешімдер қабылданғандығын атап өтті. Оның ішінде жолаушылар тасымалында әлеуметтік мәні бар қосымша 7 автобус маршруттарының ашылуы қоғамдық көлік саласын жүйелендіру жұмыстарының нәтижесінде іске асқандығын мәлімдеді. Бұған дейін 57 бағыт бойынша әлеуметтік маршруттар түзілсе, бүгін олардың саны 64-ке жеткендігін хабарлады. Маршруттар жүйесін қалыптастыруда депутаттар тарапынан білдірілген сын-ескертпелер назарға алынып, олар бойынша оңтайлы шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Қоғамдық көлік қатынасымен барлық 81 елді мекенді қамту бойынша жүйелі жоспар түзілгендігін, оның орындалу көрсеткіші 82 пайыз болып отырғандығын айтты.
Бағаны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар екендігін назарға алған қала әкімі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу бағытында нақты жұмыстар атқарылып отыр деді. Оның ішінде ірі желілік сауда орталықтарына қайтарымды айналым қаражаты беріліп, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығы қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа бөлінетін қаражат жылдан-жылға арта беретінін атап өтті.
Қала көлемінде білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын айтқан қала басшысы, бұл мәселеде мәслихат депутаттары тарапынан үлкен қолдау боп жатқандығын айтты. Білім сапасын арттыруда мақсатты жұмыстар жүйелі түрде атқарыла беретінінен сенім білдірді.
Қала әкімі осы санаттағы маңызды мәселелер бойынша қолдау білдірген мәслихат депутаттарына өз алғысын айта отырып, депутаттық корпус өкілдерін келе жатқан Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады.