ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАР ЖИ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЛАДЫ

Шымкент қаласында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалада мемлекеттік басқару, қоғамдық қауіпсіздік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрлық трансформациялау мақсатында бірқатар жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Осы бастамалардың негізгі бағыттарының бірі — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект жүйелері.
Атап айтқанда, «Жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі құқықбұзушылықтарды жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде анықтауға бағытталған. Жүйе жол қозғалысын бұзу фактілерін тіркеп қана қоймай, көлік құралының мемлекеттік нөмірін, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен орнын автоматты түрде дерекқорға енгізеді.
Megacam.Argus жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 20 тамызы мен 3 желтоқсаны аралығында Байтерекова көшесінде, «Хюндай центрі» маңында 9 166 құқықбұзушылық тіркеліп, айыппұл салынған.
Сондай-ақ Рысқұлов көшесі бойында, «Самал» базары маңында 25 642 құқықбұзушылық анықталды.
Айта кету керек, аталған аумақтарда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім фактілері тіркелмеген.
Сонымен қатар, Innova Tech компаниясы әзірлеген «Ақылды жаяу жүргінші» жобасы да өз тиімділігін көрсетіп отыр. 2026 жылдың 24–28 наурызы аралығында Жібек жолы көшесінде 343 құқықбұзушылық, ал Тәуке хан көшесінде 146 құқықбұзушылық анықталған.
Жалпы жасанды интеллектке негізделген жол қауіпсіздігі жүйелерін енгізу қаладағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілер мәдениетін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.
Шымкент қаласы цифрлық технологиялар арқылы қауіпсіз әрі тиімді қалалық орта қалыптастыру бағытын жалғастырады.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына еніп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруда. Соның бірі – құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды жедел анықтау барысында жасанды интеллект технологияларын пайдалану.
Жасанды интеллект бейнебақылау камераларынан келіп түсетін ақпаратты талдап, күдікті немесе белгіленген талаптарға қайшы әрекеттерді анықтауға көмектеседі. Мысалы, жол қозғалысы ережелерін бұзу, көлік құралдарының белгіленбеген жерге тоқтауы, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік және басқа да заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу мүмкіндігі бар.
Мұндай технологиялардың басты артықшылығы – ақпаратты қысқа уақыт ішінде өңдеп, құқық қорғау және жауапты органдарға қажетті мәліметті жедел жеткізу. Бұл мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді.








