МӘРТТІГІМЕН ТАНЫЛЫП, ЖОМАРТТЫҒЫМЕН ТАҢҒАЛДЫРҒАН…
Бұл кісі туралы көптеген жақсы сөздер жазуға да, айтуға да тұрарлық. Қасиетті Ордабасы ауданының дамуына, тұрғындардың көпжылғы арманы болған табиғи газдың келуіне және депутаттық корпустың жаңа қырынан танылуына айтарлықтай үлесін қосты.
Ол қазақстан мәслихат хатшылары бірлестігінің төрағасы, аудандық мәслихаттың былтырға дейінгі хатшысы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы. Кімді жазып отыр демеңіздер, менің ерекше жақсы көретін ағаларымның бірі Баймахан Қожатайұлы Сәдуақасов Пайғамбар жасына келіп, әдемі қартаюдың нағыз үлгісін көрсетіп отыр.
Баймахан Қожатайұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы (бұрынғы Арыс) ауданы Бөген ауылында дүниеге келген.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіріп, Фрунзе қаласындағы Ауыл шаруашылық, Шымкент қаласындағы М.Сапарбаев атындағы институттардағы оқуын инженер-механик және заңгер мамандықтары бойынша тәмамдап, еңбекке ерте араласқан.
Еңбек жолын Ақтау қаласындағы Каспий Тау-кен Металлургия Комбинатында аппаратшы, сле-сарь, жүргізуші болды. Әскери борышын өтеген соң, қайтадан осы мекемеге оралып, механик, бас механик, инженер ретінде еңбек етті.
1989 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, «Горизонт», «Забира» өндірістік кооперативтерінің төрағасы және «Дар и С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшы-директоры қызметтерін атқарды.
Қай қызметте болсын, өзін ұқыпты, жауапкершілігі мол, өз ісіне тиянақты қызметкер ретінде көрсете білген Байекең қысқа мерзім ішінде абырой-беделге ие болды.
2007 жылы ол алғаш рет аудандық мәслихаттың депутаты атанады. Ордабасы аудандық мәслихатының ІV-V-VІ шақырылымдарының депутаты, артынша аудандық мәслихат тексеру комиссиясының төрағасы, ал 2013 жылдан бастап сегіз жыл қатарынан Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Ел сеніміне селкеу түсірмеген Байекең 2016 жылдың наурыз айынан бастап Ордабасы аудандық Қоғамдық Кеңестің төрағасы қызметін де абыроймен атқарып келеді.
Кең пейілді, үлкен жүректі азаматтың елге сіңірген еңбегінің зор болғаны соншалық, ел де оны барынша құрметтей білді. Ол Қазақ-стан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы», «Облыстың Құрметті депутаты» атағына ие болды.
Әрине, бұл атақтарсыз-ақ абыройға бөленген Баймахан Қожатайұлының шын құрметі қайта-қайта ресми қуатталғанына ордабасылықтар қуанды. Ол аздай, былтыр ағамыз ҚР Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың арнайы бұйрығымен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төбелгісімен марапатталды.
Қазақта: «Алаған қол – береген» деген қанатты сөз бар. «Награда алғаннан, награда берген көбірек қуаныш сыйлайды», – деп қалды бір сөзінде Байекең. Деді де Қазақстан мәслихат хатшылары бірлестігінің төрағасы ретінде көптеген ауыл еңбеккерлеріне, шығармашылық қызметкер-лерге, сайланбалы органдардың өкілдеріне өз қолымен марапат табыстады.
Бір күні: «Әсеке, өңіріміздегі бірқатар журналистерді де марапаттап жіберу көптен бері ойымда жүрген мәселе еді. Осы бір игі істі орындап жіберсек қайтеді?» – деді. Қуана-қуана қоштадым. Осылайша, Баймахан ағамыз қасиетті Темірланда елге белгілі бірқатар журналистердің басын қосып, Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін Оңтүстік өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілдерін: Ерсұлтан Әмірбекті, Ерлан Қуандықовты, Талғат Балтабаевты, Ғалымжан Елшібайды, Балтабек Түйетаевты, Ғалымжан Зиябекті, Бақтияр Тайжанды және басқаларын «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Марапаттау салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің сол кездегі орынбасары, ордабасылықтардың бір ұлына айналған Аңсарбек Әбдіқұлов журналистер қауымының еңбегі елеулі екенін айта келіп, шығармашылық табыс тілеген болатын.
Марапат иелері де қалыс қалмай, өз ризашылықтары мен ыстық лебіздерін жарыса білдіргені есте қалды.
Айтпақшы, Байекең шығармашылықпен де белсенді араласатын абзал азаматтардың бірі. Ол 2010 жылдан бастап депутаттардың және мемлекеттік қызметкерлердің республикалық журналы «Мәслихат және Әкімдіктің» штаттан тыс тілшісі, редакциялық коллегия мүшесі, 2017 жылдан бастап «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық газетінің арнайы штаттан тыс тілшісі, 2020 жылдан бері «Ғажайып Қазақстан – 2050» республикалық қоғамдық-саяси журналының бас кеңесшісі, 2020 жылдан бастап Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Әсет Әссанди,
Ордабасы ауданының Құрметті азаматы,
Шымкент қаласы.