ҚАЖЫМҰҚАН ТАҢДАҒАН ЖЕР

685
Ауданнымызда киелі жерлер көптеп кезде­седі. Соның бірі – Көк­төбе ауылындағы «Нұра­лы баста­уы». Бұл бұлақ ертеректе «Қара­бас­тау» деп атал­ған екен. Олай аталуы, суының мұздайлығы мен мөлдір­лігінде жатса керек. Бұрқыраған бұ­лақтан сарқырап аққан су ма­ңайын­дағы терең сайға құйы­лып, тұнық көл іспеттес болып жатады.
Түбі терең болған­дық­тан, табаны көрінбеген бұ­лақ суы көзге қап-қара болып шалы­нады. Содан ел «Қара­бастау» деп атап кетсе керек.
Ауыл тұрғындары судың ерекше қасиетін бұрыннан-ақ білген көрі­не­ді. Себебі, түрлі нау­қастар: бел ау­руы, дене қызуы, қан қысымы көте­рілгенде және басқа да тұмау, сүйек­тің сырқырауы секілді ауруларына осы бұлақтан шипа тапқан екен.
Мұздай суға шомылып, бұлақ ба­сынан су ішіп, ауруынан айыққан нау­қастар суды ар­найы ыдыспен үйле­ріне әкетіп, бір жетіге дейін тиісті ем қабылдап, айығып кетіп жатқан.
80-нен аса дастан жазған, қазақ әдебиетіндегі орны ерекше ақын Нұ­ралы Нысанбайұлы осы бұлақтың ба­сына қоныстанып, көптеген туын­дыларын сол жерде жазғаны тарих­тан белгілі.
Көзі көргендердің естелік әң­гімесіне сүйенсек, кезінде сая­сат­қа тура келмейтін, бі­рақ, тарихи тә­лімі мол дастандарын киізге орап, үйінің бір бұрышына адам бой­ындай шұңқыр қазып, көміп кеткен деседі.
Киелі «Қарабастау» бұлағының қа­сиетіне ден қойған ақын үйінің орны әлі күнге дейін ауқымды төбе болып сақ­талған. 1937 жылы ақын дүниеден озып, ел содан бері «Қарабастауды» «Нұралы бастауы» деп атап кет­кен. Бі­рақ, әзірге арнайы мамандар тара­пы­нан зерттеу-сараптама жұмыстары жүргізілмеген.
Әлемге даңқы шыққан, жамбасы жер­ге тимеген атақты Қажымұқан балуан­ның өмірінің соңғы жылдарында Нұра­лы ақынды құрмет тұтып, «Нұралы бас­тауының» қасына қара үй тігіп, «Нұра­лы ақын мен осы мөлдір бұлақ түсіме кірді, Нұралы ақын жалғыз жатыр, мені қасына жерлеңдер» – деп, елге өтініш айтқаны белгілі.
Сонымен, әңгімеміздің соңына келер болсақ, киесі мен қасиетін ел қадір тұт­қан «Нұралы бастауына» әлі күнге дей­ін ауылдан және алыс жақыннан дер­тіне шипа іздеген жандар келіп, ем қа­был­дап, бұлақ маңында орналасқан ағаш­тарға ырымдап шүберек байлап кетіп жатады.
Біздің ендігі ойымыз, қасиеті мен ши­пасы қатар дарыған киелі орынның көп­шілік назарынан тыс қалмай, тиісті эко­логиялық және санитарлық талапқа сәй­кестендіріліп, ерекше күтімге алы­нып, ел игілігіне пайдалануға қолайлы жағ­дай жасалса нұр үстіне нұр болар еді.
Әмір СӘДІБЕКОВ,
Көктөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері.