МӘДЕНИЕТІ ӨСКЕН ЕЛ МЕРЕЙЛІ

578
«Ордабасы оттары» газе­тінің баспасөз клубында аудандық мәдениет Үйінің қызметкерлерімен кезекті интернет-конференция өтті. Оны «Ордабасы оттары» газетінің редакторы Нүридін Шәмшіұлы жүргізіп отырды.
Нүридін Шәмшіұлы:
— Құрметті қонақтар, «Орда­басы оттары» га­зетінің баспасөз клу­бында кезекті іс-шарамыз бастал­ға­лы отыр. Тақы­ры­бы­мыз белгілі. Ел Тәуелсіз­ді­гінің 30 жыл­дығына орай аудандағы мәдени іс-шаралар туралы әңгіме қоз­ғай­мыз. Ал­дымен бүгінгі қо­нақ­тар­мен танысты­райын. Қазақ­стан жур­налистер ода­ғының мүшесі, ауданның Құр­метті азаматы Әсет Әссән­ди, соны­мен қатар «Ордабасы оттары» газетінің директоры – бас редактор, ауданның Құрметті азаматы Зиябек Ғалымжан, ау­дандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, ауданның Құрмет­ті азаматы Құрманәлі Жылқыбай, аудан­дық мәдениет Үйінің директоры Бала­биева Гүлзина, Темір­лан халық теат­рының режиссері Бай­маханова Перизат, биылғы ауданның мәдениет саласының үздік қызметкері атанған Берік Бей­сен­бай, «Жас толқын» жасөспірімдер теат­рының жас өнерпаз­дары, ата-аналар қатысып отыр. Мәде­ниет саласы – ауданның айна­сы, мәдениет саласы — өнер. Өнер деген ізгі ниеттен, жақсы ой­дан туындайтын дү­ние. Бүгінгі іс-шара­мыздың да мәні, маз­мұны да ерекше деп айтуымыз сон­дық­тан. Алдымен сөзді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрманәлі Жылқыбайға берейік.
Жылқыбай Құрманәлі :
– Рақмет. Біздің мәдениет саламыз өз деңгейінде жұмыс істеп келе жатыр деп ой­лаймын. Мәдениет Үйіне қарасты бірнеше шығармашылық топ бар. Атап айтсам, Те­мірлан қалық театры, Темірлан қалық теат­рының жанынан құрылған «Жас толқын жас­өспірімдер» театры, «Арай» вокалды-инс­т­рументальды ансамблі, Ордабасы фольклорлық ансамблі, «Ай-ару» бишілер тобы сияқты шығармашылық ұжымдар. Со­нымен қатар мектептердегі музыка пәнінің мұғалімдері ұйымдастырған Хор ұжымы да бар. Осы шығармашылық топтарымыз өткен жылы біршама жетістіктерге жетіп, ауда­ны­мыздың мерейін асырды. Солардың бірі – Темірлан халық театры. Ұжым об­лыс­тағы театрлардың ішінде «Көркемөнер­паздар ұжы­мы» номинациясын иеленді. Жас толқын жасөспірімдер театрымыз Алматы қаласында өткен республикалық байқауда бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ұлт аспаптық, фольклорлық ансам­бльдеріміз көрермендердің көзайымына айналып, арнайы мамандардан жоғары баға алды. Жеке әншілеріміз түрлі жүлде­лерге ие болып жүр. Сондай жас талант­тарымыз, жасөс­пі­рімдеріміз Тәуелсіз­ді­гіміздің 30 жылдығына орай ұйымдас­ты­рылған Арыс қаласында өткен «Балдәурен-2021» байқауына қаты­сып, екі бірдей же­ңіспен оралды. Сол бас жүлденің иегерлері, мінекей, ортамызда отыр. «Бой стар» то­бындағы бес жасөспірім баламыз өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, келешегінен зор үміт күт­тіретін талантты Алтынай қызымыз екінші орыннан көрінді. Әлі де көптеген байқаулар бар. Бәріне дай­ынбыз. Осылай өнерге деген ынта­мызды, ықыласымызды, өнерге бейім екенімізді көрсетіп келеміз. Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғына орай қойылым қойдық. Ол «Тәуел­сіз­діктің ақ таңы атты» деп аталды. Аудандық мәдениет үйінде, карантиндік та­лаптарды сақтай отырып, көрерменнің көңі­лінен шығатындай етіп өткіздік. Оның режис­сері белгілі маманымыз Перизат Баймаха­нова. Бұл спектакль деген кино емес, қай­талап көрсете беретін. Сахнада бір рет қана көр­сетілетін табиғи өнер, Халық театрының өнері. Халықтың арасынан шыққан адам­дар­дың өнері. Осы қойылымның өз дең­гейінде өтуіне мәдениет үйінің директоры Бала­биева Гүлзина көп еңбек сіңірді. Мәдениет үйі ди­ректорының орынбасары Берік Бисенбайға рақмет айтамын. Бәрі де өнерлерімен, іс-шараларда, халықтың ал­дына шығып жүргендер. Білім мен мәде­ниет егіз дейміз. Қандай іс-шара болса да білім саласымен бірлесіп өткіземіз. Сондық­тан ұстаздарға, білім саласының қызметкерлеріне алғыс айтамын. Сонымен қатар бізбен бірге ауда­нымызда, басқа ау­дандарда өткен іс-шараларды наси­хаттап жүрген ауданы­мыздың Құрметті азаматы, белгілі журналист Әсет Әссәндиге ризашылығымды білдіремін.
Нүридін Шәмшіұлы:
– Құреке, осыдан екі-үш жыл бұ­рын ауданымыздан шыққан компози­тор­лардың кеші өткен болатын. Міне, осындай іс-шаралар әлі де керек. Үлкен қалаларда кинотеатрлар қайтадан ашы­лып жатыр, мәдениет үйлері де ашылып қалар. Осындай мәселелер ұмыт қал­маса екен деймін. Жалпы біз осы аудан­ның азаматы ретінде, мәдениет сала­сында біраз еңбек еткен азаматтарды білеміз. Мәдениет бөлімін басқарған Тұрғанбай Егізбаев, композитор Сапар­бек Медеу­бе­ков Қазақстанға әншілігімен танылған Ер­махан Бегалиев осы мәдениет саласында қызмет еткен ақын Әбілда Аймақ. Жақсы режиссер жігіт бар еді, Әбіләш деген, ол да өмірден өтті. Мі­некей осыларды еске алып, әрқайсы­сына бір-бір кеш өткіз­сеңіздер, ауда­нымыздың рухани бай­лығы болар еді. Ары қарай сөзді Мәде­ниет үйінің ди­ректоры Балабиева Гүлзинаға берейік.
Балабиева Гүлзина:
– Рақмет. Мына бүгін сіздердің ғима­раттарыңызға мәдениет саласының көк туын желбіретіп жүрген жасөс­пірімдеріміз­бен бірге шақырғандарыңызға алғысымды айтамын. Жеткіншектеріміздің облысқа барып жүлделі орын әкеліп жатқандары мына отырған ұстаздарымыздың арқасы. Оларға рақмет. Мына жерде Бақыт, Ға­лым­жан ағаларымыз отыр. Осы кісілердің ең­бектерінің жемісі. Ау­данымызда жасөс­пі­рімдерге арналған «Бал­дәурен» жылда өтіп тұратын, екі-үш жыл болды тоқтап қал­ған болатын. Мінекей жас өнерпазда­ры­мыздың жетіліп келе жатқанын көріп, өзіміз риза болып отырмыз. Балдәу­реннің ереже­сін, ұсынысын тастаған кезі­міз­де, көптеген ұсыныс келді, кәзір 5-те бітеді, енді өтініш­терің қабылданбайды де­сек, осы ағайлары келіп балаларына шы­рылдап, осы­лардың өнерлерін бір тыңдап көріңіздерші деген еді. Мінекей, олар бас жүлдемен ора­лып отыр. Жаңа үлкен ұсыныс айтып қал­ды­ңыз, құдай қаласа ол жоспа­ры­мызда бар, Тәу­елсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты «Руханият» деп аталатын жос­пар дайын­дап жатырмыз. Сол жоспар ая­сында жер­гілікті шыққан сазгерлермен, ән­шілермен жеке-жеке іс-шара ұйымдас­тырсақ деген ойымыз бар. Кәзір барлық ғима­рат­та­рымыз жөн­деу­ден өтіп жатыр. Биыл Орда­басы ауданында ең мақтанарлық жағдай Қажымұқан атамыздың 150 жылдық мерей тойы. Соған орай ұйымдасты­ры­ла­тын іс-ша­­раларымыз да бар. Конферен­ция­лар, жас ақындардың мүшайрасы дегендей. Пе­ризат Қажекең жайында қойылым дайын­дап жатыр. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой, бәрін сол желіге салып отырамыз. Әжелер ансамблі карантинге бай­ланысты сахнаға шыға алмай отыр. Ауданда сегіз «Әжелер ансамблі» бар. Солардың ара­сын­да байқау өткізсек пе деген ойдамыз. Қазан айына, қарттар күніне орай іске асатын шы­ғар.
Нүридін Шәмшіұлы:
– Мәдениет саласына кейінгі жыл­дары, көп көңіл бөлініп келе жатыр. Ауда­нымызға Мамытбек Алмасбек әкім болып келген жылдардан бастап, одан кейінгі, казіргі әкіміміз үлкен қолдау білдіруде. Мәдениет Үйінің сырты да іші де бұрын­ғыдан қарағанда көш ілгері. Бұл бір жа­ғынан жақсы, дегенмен бұл сіздерге бұрынғыдан да талапты күшейтеді деген сөз.
Нүридін Шәмшіұлы:
— Құреке, мәдениет саласында режиссер деген әдемі мамандық бар.Ол көбінесе сахнаның сыртында жүретін адам. Бірақ біздің Перизат сахнаның сыртында ғана емес, ішінде де жүреді. Енді Перизаттың әңгімесін тыңдасақ.
Баймаханова Перизат:
— Рақмет. Бүгінгі «Ордабасы оттары» газетінің ұжымы бізді арнайы шақырып, өнерімізді насихаттап жатқандарына рақ­мет. 1973 жылы «Халық театры» құрылған екен. Осы театрда жұмыс істегеніме 20 жылдай уақыт болды. Бұл театрға ел де үйреніп қал­ды. Қандай қойылым қояды деп асыға күте­тін көрермендеріміз де көп. Ең алғаш «Қозы Көрпеш-Баян Сұлумен» бастаған едік. Өткен жолы Абайды қойдық. Енді «Жас толқын» жайында айта кетсем, мына отырған екі қы­зымыз – Айзере мен Береке «Жас тол­қын­ның» мүшелері. Рес­публикалық «Талантты шәкірт, талапты ұс­таз» атты байқауда өнер көрсетіп, бас жүл­деге ие болып қайттық. Бес баламыз қаты­сып, бесеуі де бас жүлдемен оралды. Ол жерде мұғалімімен бірге оқу­шысы қатысқан керемет қобызшылар, бишілер де болды. Қытайдан, Үржардан, он сегіз облыстан келген балалардың ішінен бас жүлдені алып қайтқанымызға өте қуаныш­ты­мыз. Біздің театрымызда жылына бір драма, бір комедия қойылады. Жақында Абайды қой­дық, басты рөлді Берік ойнап шықты. Теа­трымыздың әртістері бес аспап. Оркестрде де, виада да ойнайды, сценари де жазады, жүргізуші де болады. Осындай талантты азаматтарымызға рақмет айтамын. Жас кел­се іске дейді, мінекей жас талант­та­рымыз қан­дай керемет өнер көрсетіп жүр, талаптарына нұр жаусын! Бізге қолдау көр­сетіп жүрген аудан әкіміне рақмет айтамыз. Көрер­мен­дерге, аудан тұрғындарына рақмет. Осы кісі­лердің қошеметі бізді көкке көтереді. Қол­даулары керемет әсер етеді. Биыл Қажымұ­қан атамыздың 150 жылдығы. Соған орай жақсы дүниелер көрсетсек де­ген ойымыз бар. Дарынды, жаста­рымызға бар білге­німізді үйретіп, тәрбиелеп жүре берейік.
Нүридін Шәмшіұлы:
– Бүгінгі іс-шараға жастарымыз қа­тысып отыр. Ауданда көптеген жиын өтеді. Ол күннің ыстығына да, суығына да, жаңбыр, желге де қарамайды. Сол іс-шаралардың басы-қасында мәдениет саласының қызметкерлері жүреді. Соның бірі Берік Бейсенбай арамызда отыр. Қанша жылдан бері сондай іс-шараларды жүргізіп келеді. Еткен ең­бегінің баға­лан­ғаны шығар, өткен жыл­дың қорытын­дысы бойынша ауданда жылдың үздік мәдениет қызметкері номинациясына ие болды. Ендігі сөзді Беріктен тыңдасақ.
Берік Бейсенбай:
– Қайырлы күн. Әрқашан біздің жа­ны­мыздан табылып, бізге көмегін тигізетін аға­ларымызға рақмет. Өнер жолы ауыр жол, өнерде жеңіл нәрсе жоқ. Арыс қала­сындағы байқауда оқушыларымыз әр ау­даннан келген кілең мықтылармен сынға түсті. Соның ішінде өздерінің дарынды екен­дерін дәлелдеп, жүлдемен оралды. Ағаш бір жерден көгереді демекші, сіз­дердей өнерді қолдайтын ағаларымыз бар­да, біз әрқашан қызмет істеуге дайынбыз.
Нүридін Шәмшіұлы:
— Бүгінгі іс-шараға қатысып отырған қонақтарымызға сөз кезегін берсек.
Төртаев Қазыбек Смадиярұлы:
– Шұбарсу ауылының тұрғынымын. Бұрын Жетісай қаласында мәдениет Үйінде жұмыс істегенмін. Кәзір Шұбарсуға көшіп келіп, мектепте жұмыс істеп жатырмын. 2019 жылдан бастап осындай жасөс­пі­рімдермен жұмыс істеп келемін. 2019 жылы Түркістанда өткен «Ұлы дала ұрпақтары» атты байқауда бас жүлдені алдық. Одан кейін Шымкент қаласында өткен жарыс­тар­да бас жүлдеге ие болдық. Енді қатысып жүргендерінің өзі екін­ші орынға қол жеткізді. 2020 жылдан бастап осы үш баладан «Бой стар» триосын құрдық. Ауданда өткен «Бал­дәурен-21» байқауына қатысып, бас жүл­дені иеленіп, облысқа жол­дама алды. Шұ­барсу елдімекенінде мек­тепте мұғалім Ғалымжан ағайларымен ақылдаса келе тағы екі бала қосып, осы бес бала облысқа барып, бас жүлдені алып қайтты. Шұбар­суда қырық мыңнан астам халық тұрады, мәдениет саласында қызмет ат­қарған көптеген азаматтарымыз бар, мәде­ниет үйі салынып қойып, қаражаттың жетіс­пеу­ші­лігінен біраз жыл пайдалануға берілмей тұрды, енді берілді дегенді естіп қуанып жатырмыз.
Ғалымжан Тұрсынұлы Жұматай:
– Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы мек­тептің музыка пәні мұғалімімін. Біз енді мек­тепте жұмыс істегендіктен осындай да­рынды балаларды байқап, жарыққа шы­ғуына өз кө­мегімізді тигізіп келеміз. Аудан­дық мәдениет үйіне келгенде осындай бас­шыларымыздың қол ұшын созып, көмек­те­сіп, балалардың жарыққа шығуына жағдай жасағанына алғыс айтамыз. «Ел іші – өнер кеніші» деп жата­мыз, бір ұсыныс айта кетейін. Жалпы ауылдарда өнерлі балалар көп деп ойлаймын. Сон­дықтан осындай байқауларды көптеп өткіз­сеңіздер деген тілегім бар. Ауылдан, аудан­нан шыққан ұл-қыздарымыз елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде де елдің атын шығарып жүрсе керемет қой. Рақмет.
Әсет Әссәнди:
– Мен еңбек жолын мектептен бас­та­ған­мын. Үш жыл неміс тілінен сабақ бердім, одан үш жылымды мәдениетке арнадым. Содан ауыс-түйіс болып жүріп, журналис­тикаға келдім. Бүгінгі іс-шарада байқау­ларды жиі өткізуді айтып жатыр. Оны құп­тай­мын. Мәдениет саласында үш жыл қыз­мет істе­геніме еш өкінбеймін. Берік бауы­рым айт­қандай, сахнада жүргізушіден бас­тағанмын. Ол кезде ондай өнер қазақстанда жоқ болатын. Ауылдан келіп облыстарда өтетін іс-шараларды жүргізген болатын­мын. Мәде­ниет саласындағы екі жетістігімді айта ке­тейін. Екінші бүкіл одақтық халық шығарма­шылығы фестивалінің лауреаты болдым. Екіншісі Кольбиннің алдында өнер көрсеттік. Шымкент облысының Алматы қаласындағы мәдени күндері өтті. Ол жерде екі ауданның ғана өнерпаздары өнер көрсеттік. Біріншісі Ордабасы ауданы, екіншісі Алғабас ауданы. Сол жерде Нышан Төлегеновпен таныстым. Алматыда Түркебаев көшесі бойында қолдан жасалған сахналарды құрып тастаған. Ең басында Қараспаннан барған «Ақ алтын» ансамблі. Еске алуға жақсы нәр­селер көп болған. Одан кейін журналис­ти­каға келдім. Оны да бала кезде ойламаған­мын, оған да өкінбеймін. Мына балапанда­рымызды көріп қуанып отырмын, жап-жас балалар, тұла бойы тұнған таланттар, жеткен жетістіктерін естіп таңғалдым. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді, балапандары­мыз­дың өнерлері өрге баса берсін. Осындай балаларды тәрбиелеп, өсірген ата-аналарына рақмет.
Нүридін Шәмшіұлы:
— Бүгінгі іс-шараға келіп, қатыс­қан­дарыңыз үшін рақметімізді айтамыз. Ауданның мәдениет саласының же­тіс­тік­­теріне әрқашан куә бола берейік.
Ғалымжан ЗИЯБЕК