АЛҒАШ КӨРГЕНІМ
Мен Қажекеңді (Қажымұқан Мұңайтпасов) 8-11 жасымда көргенмін. Ол кезде Омбы облысындағы Шарлақ (бертін Дробышев, Нововоршавка) ауданындағы Қаратомар ауылында тұратынбыз. Қажекең әр уақытта сондағы Г.Дмитров атындағы колхозда орналасқан ауылдық кеңестің сессиясына бір топ белсенділермен бірге келіп жүретін. Еліне бара-келе жатқанда жолшыбай түсетін жері – менің әкемнің үлкен ағасы Аманжолдың үйі. Еш уақытта жалғыз жүргенін көрмедім. Бір келгенде қасында басқалармен бірге Құдайберген ақын (Иса ақынның ұстазы) немесе Төлеш әнші, тағы басқалары жүретін. Бір келгенінде суық тиіп, сыздауық шыққан екен. Келісімен: «Әй, Аманжол, бір әлді жігіт бар ма ауылда, мына сыздауықтың іріңін сығып алатын» дейді Қажекең. Әлді жігіт деп Сейсенбайдың Шайқысы шақырылады. Шайқы Алматыдағы атты әскерлер эскадронында әскери борышын өтеп келген-ді. Палуан шалқасынан жатып, Шайқы күректей алақанымен сыздауықтың маңайын басып отырса керек. Бұл қимыл Қажекеңе ұнамай басын көтеріп: «Мен саған қатты бас дедім ғой!» – деп ақырғанда, Шайқы жалаң аяқ, жалаң бас үйден қашып шығады. Артынан жеңгелері Шайқыны көргенде қалжыңдап: «Сен Шайқы немене гүжілдеп отырсың, әнеукүні палуанның сыздауығына шамаң келмей, қалай қашқаныңды айтшы» деп әжуа қылатын. Есенбай атам жуан талдан дойбы жасап, соны ойнауды үйреткен-ді. Қажекең бір келгенде үйдегілер: «Айналайын, Қажыатаңмен ойнап көрші», – деді, менің дойбыны жаман ойнамайтынымды қызық көріп Қажекең: «Кел, ойнаймыз» деді де, іске кірістік. Артынан жеңіліп қалғанда (әдейі жеңілген шығар) дойбымды ұрлағандай қимыл көрсететін, үйде отырғандар бұған мәз болып жататын.
Тағы бір келгенде кешкі тамақтан кейін, жатарда, төсек салардың алдында қонақтар далаға шығып келеді. Далаға шығып келген соң Қажекең: «Апырай, жаңа көкте, ұшып бара жатқан қырғауыл сияқты бір ғажайып дүниені көрдім. Бұл не қараңғы түнде ұшып жүрген?» – дейтін. Біреулер: «Ия, ия» деп құптап, қарқылдап күліп жататын. Бертін келе ойласам, онысы мені бала деп қорқытқан болып, үлкенмен де, кішімен де жасайтын кішіпейіл қалжыңы екен.
Бала кездегі таңғалдыратыны – көз алдыңдағы құбылыс, көрініс. Бірде жазды күні көргенім: ұзын трашпан (арба), оған жегілген есік пен төрдей қара айғыр, арбаның ортасына отыра кеткенде ағаштары майысып, сынғалы тұратын. 1935 жылы Құлан елінде (6-шы Ауыл кеңесі) сабантой өтті. Сол тойда Қажекең ойын көрсетті, үстінен «полуторка» машина жүргізді. Анда-мында Шарлақ аудандық партия комитеті бірінші хатшысының ашық жеңіл машинасымен жүрді. Есімде қалғаны, сол машинаға отыра кеткенде бір жағы қисайып бара жататын. Сол сабантойдағы тағы бір көрініс көз алдымда.
Самсаған халық бөлініп, жолдың екі жағында ат бәйгесін күтіп отыр. Бір жақ ортасында таудай Қажекең, ақ көйлек, ақ қалпақ, әйелі, балалары – бәрі ақтан киген. Сол көрініс ерекше эстетикалық әсер берді. Ол да қазақ халқына көрсеткен үлгісі ме, тартуы ма деген ойда қаласың. Ал біздің елге келіп жай жүргендегі киімі – қарасұр әскери жағалы бешпет, белбеуімен, шалбарының балағы етіктің қонышында болатын. Сібірдің қысында – баста түлкі тымақ, аяқта саптама етік, иығында қасқыр ішік, сыртынан үлкен жағалы тон киетін. Осы киген киімдерімен тұрған тұрысына, бойына көз салсаңыз, Қажекеңнің жанында еріп жүрген сапарластары ергежейлілердей болып көрінетін.
Мен көргендегі келбеті астыңғы ерні, сол құлағының ұшы жырық болатұғын. Өзінің айтуынша, Саракики деген жапон палуаны күрестің ережесін бұзып, зақым жасаған. Осы арада америкалық, бокстан әлем чемпионы, өз қарсыласының құлағын тістеп алған М. Тайсон еске түседі. Мұндай қылық XX ғасырдың басында да болғаны байқалады.
Ең ақырғы есімдегі – 1937 жылдың қысы, «Шарлақ» совхозының орталығы. Кеңсенің алдында тыпырлап, буы шығып тұрған үш ат шанаға жегілген. Қажымұқанды совхоздың директоры Д.П.Гутовский қабылдап жатыр екен. Балалармен бірге көреміз деп тосып-тосып, содан суыққа шыдамай тарап кеттік.
Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері. Адырна.