“ЖАҚСЫ АДАМ ЖАҚСЫ КЕҢЕС АЙТАДЫ…”
Жақсы қоғам орнату үшін жақсы ойлап, жақсы іс атқарып, жақсы ниеттегі адамдармен жанаса жүргенге не жетсін. Біздің қоғамда түйткілді мәселе жетерлік. Оны шешу жолын іздеуден шет қалмағанымыз мақұл. Сол үшін күш біріктірген қоғам белсенділерінің нәтижелі ісіне кей-кейде іштей разы боласың. Қордаланған мәселеге қозғау салар әр түрлі қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруға Түркістан өңірінде соңғы жылдары айрықша мән беріліп келеді. Соның бірі де, бірегейі Созақбай Әбдіқұлов тізгінге алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” мекемесі ұйтқы болған Түркістан облысы ҚХА жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің өз үні бар. Бүгін бұл кеңес мүшелері елді аралапТөлеби ауданының төрінде тағы бір алқалы жиын өткізді.
Кеңес отырысына Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, облыстық қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева және мекеменің аудан, қалаларындағы филиалдарының жетекшілері қатысты.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С.Әбдіқұлов Мемлекет басшысының ҚХА Кеңесінде берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталып, ел бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Қоғамдық келісім кеңестерінің мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты, бірлікті бекемдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда маңызы ерекше. Басқосуға қатысып, маңызды мәселелердің шешілуіне ынта-ықылас танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Әр аудан, қаланың кеңес төрағалары жоспарын нақтылап, бекітіп алды. Алдағы уақытта облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің жүйелі жұмыс істеуіне үлес қосасыздар деген сенімдемін, – деді Созақбай Исаұлы.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ойларын ортаға салды. Бұл ретте, қоғамдық келісімді сақтау және нығайту аясында атқарылып жатқан істер туралы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төле би аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сейіт Бекмұрзаев және Шардара аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов сөз қозғап, алдағы жоспар-міндеттерді пысықтады.
Отырыс барысында қатысушылар пікір алмасып, Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысына қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті көшпелі отырысы наурыз айында Сарыағаш ауданында өтеді деп жоспарлануда-дейді Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз орталығының жетекшісі Сабит Тастанбек.
“Жақсы адам жақсы ойлайды, жаман адам жаман ойлайды, ал Сіз қалай ойлайсыз? Біздіңше “жақсы адам жақсы кеңес айтады” деген ып-рас. Иә, бізге керегі ел бұзар есерлер сөзі емес, жұртты ынтымақ-бірлікке шақырар, сөзінің уәлісі бар жақсы ниеттегі жақсы адамдардың Түркістан өлкесіндегідей әр аймақта көп болғаны керек.
“ARA-ақпарат”