“ШЫМКЕНТТІІҢ ӘКІМ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ТАБЫС ТІЛЕДІ….”

336

Шымкенттегі мұғалімдердің тамыз кеңесінде көңіл қуантатын көп мәселе айтылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа оқу жылына байланысты баяндама жасвды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың жалғаса түсетінін айтты. Баяндаманың тұтастай нұсқасын оқырмандар таныссын деген ниетпен түгел жариялап отырмыз.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар!

Дәстүрлі Тамыз конференциясына қош келдіңіздер!
Баршаңызды оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет Басшысының қолдауы арқасында соңғы жылдары түпкілікті, көптен шешілмей жатқан мәселелер өз шешімін тапты. Білім саласын, мұғалімдерді және балаларды қолдау үшін барлық жағдайды жасап, бізге тиісті мақсат — міндеттерді айқындап берді.
Өз баяндамамды білім беру саласындағы алға қойған міндеттер туралы жеткізуге рұқсат етіңіздер!
Мемлекет Басшысының тапсырмасымен алғаш рет елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой — беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталды.
2020 жылдан бастап бүгінге дейін ұстаздар жалақысы
75 пайызға өсті, 2023 жылы тағы 25 пайызға өсіп, нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артады.
Бүгінгі таңда білім саласына қаралған қаржы жалпы бюджеттің 30 пайызын құрап, 2019 жылмен салыстырғанда
2 есеге артып, 179 млрд.теңгеге жетті. Ал осыдан 4 жыл бұрын қаланың барлық бюджеті небәрі 146 млрд.теңгені құраған болатын.
Оның ішінде білім саласының нысандарын дамытуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен қаралған қаржы 34 млрд.теңгені құрап отыр.
Нақтырақ айтсам, Мемлекет басшысы елімізде
2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеді. Тапсырмаға сәйкес, Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылған. Бүгінгі күнге 51 мектеп пайдалануға беріліп, 2 жылда бағдарламаның 50 пайызын немесе 11 мектепке (14214 орын) артығымен орындап отырмыз.
1-ші қыркүйекке үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 5-тен 2-ге дейін азаяды. Алдағы жаңа оқу жылында қаладағы 45 мектеп – бір ауысымда, 173 мектеп – екі ауысымда, 5 мектеп – үш ауысымда білім беретін болады. Жалпы, 223 білім ошағы – бес күндік жұмыс форматына көшеді.
Ал 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі.
Материалдық базаны нығайтуда 372 кабинет,
610 интерактивті панель алынып, соңғы 2 жылда жаңа модификацияланған кабинеттер үлесі 32 пайыздан 72 пайызға жетті.
Мемлекет Басшысының тағы бір тапсырмасы — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта барлық білім беру ұйымдарына бейнебақылау, дабыл батырмалары, турникеттер орнатылып, полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» қосылды. Мемлекеттік білім беру ұйымдары бірінші дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілді.
«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» — деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жарияланды.
Осыған орай, алғаш рет 103 мың бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз еттік.
Сонымен қатар, тамыз айында 58 мыңнан астам оқушыға мемлекет есебінен мектеп формасын алуға қаржылай көмек көрсетілді.
Қала бойынша балалардың үйірмелермен қамту көрсеткіші жан басына қаржыландыру жүйесі нәтижесінде
45 пайыздан 75 пайызға жетті.
Сонымен бірге, қалада заманауи 500 орындық Оқушылар сарайы, Саз мектебі, балаларға арналған 157 ойын алаңдары және 40 спорт алаңшалары салынып жатыр.
Жастарды спортқа баулу мақсатында биыл екінші рет «Шымкент жастар лигасы» ұйымдастырылып, спорттың
4 түрінен 151 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Ал білім сапасына тоқталар болсақ, оқушыларымыз халықаралық, республикалық пәндік білім сайыстарынан
10 алтын, 17 күміс, 33 қоланы жеңіп алды. 200-ден астам оқушы жүлделі орындарды иеленді. Бұл да ұстаздарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін.
ҚҰРМЕТТІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАР!
Қаламызда «Мектепке дейінгі дамыту», «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау», «Қосымша білім беру салалық оқу» орталықтары және инклюзивті білім беретін
1 ПМПК мен түзету кабинеттері ашылуда.
Біз дені сау жас буынға білім берумен қатар, дамуында ерекшеліктері бар балаларды оқытудың сапасына мән беріп, мүмкіндігі шектеулі балалардың ортаға бейімдеуіміз керек.
Бір сөзбен айтқанда, инклюзивті білім беруге айрықша назар аудару қажет.
Бұл саладағы өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға мемлекетпен қатар, кәсіпкерлердің де атсалысқаны абзал. Қоғамға пайдалы игі бастаманы іске асыруда іскер азаматтар шет қалмайды, деген ойдамын.
Қаладағы 38 колледж студенттерін жұмысқа тарту және қажетті тәжірибе жинау үшін 117 кәсіпорынмен келісімге қол қойылды. 15 колледжде дуалды оқыту енгізілді. Биылғы жылы кәсіптік білім алуға мемлекеттік тапсырыс негізінде
11 704 орын (ЖБ – 5 704 орын, РБ – 6 000 орын) бөлінді. Жалпы, мемлекеттік тапсырыстың 87%-ы техникалық қызмет көрсету салаларының үлесінде.
ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗДАР!
Алдағы мақсатымыз — «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын нәтижелі түрде іске асыру.
Оны жүзеге асыру үшін төмендегіше тапсырмалар беремін:
1. Балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесін 76 пайыздан 90 пайызға жеткізу;
2. Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін 77,1%-ға;
3. 5 үш ауысымды мектептер мәселесін 2023 жылы толығымен шешуді жүзеге асыру;
4. Жаңа модификацияланған кабинеттер үлесін 72 %-дан 80%-ға жеткізу;
5. Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту үлесін 50 пайыздан 65 пайызға дейін көтеру;
6. Жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытуды 80 пайызға арттыру;
7. Оқу процесіне WorldSkills бағалау жүйесін енгізген колледждердің үлесі 40 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу;
8. Білім ұйымдарында берілетін тамақ сапасын бақылауды күшейту;
9. Білім ұйымдарындағы бейнебақылау, дабыл батырмалары, турникеттердің үздіксіз және сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
Құрметті ұстаздар, Сіздер осы бастамаларды жауапкершілікпен атқара отырып, білікті де білімді, саналы ұрпақ тәрбиелейді деп сенім білдіреміз.
Жаңа оқу жылы баршаңыз үшін табысты, жетістіктерге толы жыл болсын!
PS: Білімге жасалған бетбұрыс жас ұрпаққа жасалған шынайы қамқорлық деп ұғамыз.
ARA-ақпапат