ТҮРКІСТАННАН ҚОСТАНАЙҒА 72 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛДІ

221

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен және «AMANAT» партиясы Түркістан өңірлік филиалының ұйымдастыруымен Қостанайдағы апатқа байланысты 72 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Азық-түлік өнімдері, ауыз су, жеке гигиеналық заттар және төсек жабдықтары Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларында орналасқан қабылдау пункттерінде жиналған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тиісті көмекті үйлестіру жөнінде тапсырмасына сәйкес

облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев ел аманатын шығарып салу шарасына қатысып, аталған бағыттағы жұмыстар жайында баяндады.

— Қостанайдағы төтенше жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов филиалдарға тапсырма жүктеп жедел әрекетке көшті. Облыстық партия филиалы жанынан ашылған қабылдау пункті 4 қыркүйектен бастап гуманитарлық көмектер қабылдауда. Алғашқы күннің өзінде қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттармен қамтып үлгерді. Бірнеше жыл бұрын өңірімізде орын алған төтенше жағдайда ел бірлігі мен нақты көмектерді көрдік. Жақсылыққа екі есе жақсылықпен қайыруға тырысатын халықпыз. Бір тәуліктің ішінде Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларынан жалпы 4 жүк көлік гуманитарлық көмек жиналып, Қостанайға жолға шықты. Осы істерге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Төтенше жағдай тұрақталғанға дейін гуманитарлық көмектерді ұйымдастыруды жалғастырамыз және барша түркістандықтарды игі бастаманы қолдауға шақырамын, — деді Бейсен Дәулетұлы.

Өңірдегі «Жастар ресурстық орталықтарының» ұйымдастыруымен жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың, шағын бизнес өкілдерінің демеушілігімен жиналған қажетті заттар ішінде 3,4 тонна ұн, 1500 келіге жуық макарон өнімдері, 70 қап картоп, 500 келіге жуық күріш, 1000 литрден аса пісте май, 900 консервіленген банка және өзге де азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жолға шықты.

«AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы мен жергілікті әкімдік, жұртшылық бірлесіп 1 жүк көлігін жөнелтсе, Арыс қалалық филиалы мен қалалық әкімдік, жомарт жандар тарапынан 2 жүк көлігіне көмекке қажетті заттар тиелді. Ал облыс орталығы Түркістан қаласындағы 1 жүк көлігі бірінші кезекте пайдалануға керекті құрал-жабдықтармен қамтылды.

Гуманитарлық көмекке бірқатар мекемелер де өзіндік үлесін қосты.

Атап айтқанда, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған қолдау тобы 400 дана көрпе-төсек жеткізді. Сондай-ақ 500 мұғалім 1 күндік жалақыларын «Biz birgemiz» қорына аударды. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері де киім-кешек, азық-түлік тауарлары және жеке қолданысқа қажетті заттармен толықтырды.

Аталған көмекті Қостанай облысына дейін жеткізу «Жастар Рухы» жастар қанаты аймақтық филиалының белсенділеріне жүктелді. Өңірдің 10 белсенді жасы апатты қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетеді.