ШАРДАРА: ҚАРТТАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

358

ҚР Ардагерлер ұйымының 35 жылдығы мен 1-қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, аудан әкімі Қайрат Жолдыбай және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков жалғызілікті қарттарды құттықтап шықты.

Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылып, аудан басшысы арнайы қатысты.

— Сіздерді 1-қазан Халықаралық қарттар күні меркесімен және ҚР Ардагерлері ұйымының 35 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.

Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 45-сессиясында 1-қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялады. Міне осы күннен бастап бұл мереке кең көлемде атап өтілуде.

Сіздер кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретіп келесіздер. Егемен еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарауды, жақсы күндерді еселі еңбегімізбен жақындатуды біз Сіздерден үйреніп келеміз.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді халқымызда. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, ұрпағына ұлылығын ұялата білген ардагерлерімізді құрметтеу – азаматтық парызымыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, абыройлы еңбектеріңіз – жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге.

Жарқын болашақ, кемелді келешек үшін қажымай еңбек еткен қарттарымызға деген құрмет пен ізгі ниетіміз әрдайым ерекше. Әрқашан да арамызда ақылшы, кеңесші бола жүріп, елді бірлікке, ынтымаққа шақырып, үлгі — өнеге көрсете береді деп сенемін!

Сіздерді тағы да төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт, берекелі де ұзақ ғұмыр тілеймін! — деді Қ.Жолдыбай.

Сонымен қатар шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер, ақсақалдар мен аналар аудан әкімінің, мәслихат хатшысының және аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.

Шара мерекелік әннен шашу шашылып, қарттарға құрмет көрсетілді.