БҮГІН «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» ТҮРКІСТАНҒА ТАБАН ТІРЕЙДІ
Елордамыз Астана қаласынан бастау алған «Ұлы дала жорығы» шабандоздары 1100 шақырым жолды жүріп өтіп, Созақ ауданына аялдады. Күн сайын 100 шақырым жолды еңсеретін шабандоздар көшпенді ата-бабамыздың қайраты мен қайсарлығын паш етуде.
Өңір тұрғындары оларды сән-салтанатымен қарсы алып, құрмет көрсетті. Кешегі жарыста алғаш болып Маңғыстау өңірінің шабандоздары мәреге келді. Шабандоздар бір түн демалып, бүгін қайта атқа қонды. 100 шақырым жолды артқа тастап, марафонға қатысушылар енді Түркістан шаhарына жол тартты.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бәйгенің сыйақы қоры — 65 000 000 теңге. Түркістанға бірінші болып келген команда «Ұлы дала сарбазы» атағымен және 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші орынға 20 000 000 теңге, 3-ші орын иегерлері 15 000 000 теңге жүлдеге ие болады. Ереже бойынша 30 000 000 теңге сыйақыны иемдену үшін, командадағы 5 шабандоз мәреге дейін түгел келуі қажет.
12 кезеңнен тұратын бәйгеге 19 өңірден шабандоздар тіркелген болатын. Еліміздегі марафон-бәйге «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен өтуде.
Айта кетсек, 29 қыркүйек күні, яғни бүгін, сағат 21:00-де «Түркістан арена» стадионында «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» атты республикалық марафон-бәйгесінің жабылу салтанаты өтеді.
Баршаңызды ұлттық спорттың ең маңызды түрі — бәйгені дәріптеуге және қолдауға шақырамыз!
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі