«Асқаров көшесінің тұрғынымын»

294

Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толды. Еңбегі ерен тұлғаның есімін ұрпақ жадында қалдыру – өнегелі іс. Жақсы іс жалғасын таба бермек. Шымкент қаласында А.Асқаров атындағы мектеп бар. Қала тұрғындарының саялы орнына айналған дендрологиялық саябаққа да біртуар тұлғаның есімі берілді. Сондай-ақ, қаланың орталығындағы Асқаров көшесі де тұлғаның даңқын асырып тұр. Осы орайда көшенің тарихына аз-кем тоқталып, жақсы істерді таразылап көрсек.

Абаттанып, ажарлана түскен

Қаладағы А.Асқаров атындағы көше біртуар тұлғаның атын әйгілей түседі. 2002 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен, қала мәслихатының шешімімен Нариманов көшесі Асанбай Асқаров көшесі болып аталды. Дара тұлғаның өнегесін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында қаланың орталығы, ең көрікті жерінен көше атын беруге осылайша шешім қабылданған. Асқаров көшесі Әл-Фараби алаңы, қазіргі Орыс драма театры, «Қиял әлемі» технопаркінен басталып, Абай даңғылына дейін созылады. Асқаров көшесі аталғанына да биыл 20 жыл болыпты.
Қазіргі таңда бұл көшеде оң өзгерістер бар: көше бойы абаттанып, бірқатар мәдениет нысандары мен сауда орындары орналасқан.
Қала тұрғыны, ҚР Мәдениет қайраткері Мыңжасар Асқаровты көпшілік біледі. Жастар тәрбиесіне өз үлесін қосып, қоғамдағы келеңсіз жағдайларға қасқайып қарсы тұрып, батыл бастама көтеріп жүрген бірден-бір ардагер. Созақ ауданының Құрметті азаматы М.Асқаров осы көшенің бойында тұратынын әрдайым мақтаныш етеді. Асқаров көшесі, 24 үйдің алдында, өз пәтерінің жанында ардагермен әңгімелестік. Қазыналы қарт 80 жасқа таяды. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. 20-дан аса немересі бар. Асанбай Асқаровтын көзін көргенін, қызмет бабымен кездескенін әңгімелей жөнелді. Өзі кезінде Созақ аудандық партия комитетінде қызмет істеген.
– А.Асқаров көшесінің тұрғыны екенімді әрдайым мақтаныш етемін. Ол кісі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде, мен Созақ аудандық партия комитетінің бақылау бөлімінің төрағасы болдым. Жиындарда жүздесіп, әңгімесін тыңдадым. Шымкент қаласына 2012 жылы көшіп келгенімде, пәтерді арнайы осы көшеден алуды ұйғардым. Әрине, тарихи тұлғаның қалаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жалпы көшеде көптеген жақсы өзгерістер бар. Тазалығы артып, жыл сайын абаттанып келеді. Немерелеріме де ол кісінің дара тұлғасын, жақсы өнегесін айтып отырамын. Кейде тұрғындардың бұрынғы атаумен айтып жататынын естимін. Бірақ көпшілік жастар Асқаров көшесі деп біледі, – дейді зейнеткер.
Қазіргі жаһандану кезеңінде әрбір ұлт өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап қалу керек. М.Асқаров бүгінге дейін оннан аса кітап жазыпты. Кітаптары ұрпақ тәрбиесі, ұлт тағдыры жайында. «Менің елім Қазақстаным», «Ұлы дала – мәңгілік ел», «Ынтымақ, бірлік, келісім» тақырыбында кітаптары жарыққа шыққан. Ұрпақ тәрбиесі жөнінде жақсы істердің ұйытқысы бола білген ардагер бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Дара тұлғаның есімін ұрпақ жадында сақтау үшін танымдық іс-шаралар жиі ұйымдастыру қажет екенін айтады.

Жастар жиі бас қосатын орын

Артында өшпес із қалдырған Еңбек Еріне осы көше бойында жыл сайын құрмет көрсетіліп, өнегелі өмірінен естеліктер айтылады. 2012 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен көше бойына қайраткердің бюсті қойылған еді. Жыл сайын қызметтес болған әріптестері, еңбек ардагерлері, көзін көрген қариялар және жастар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алады. Бұл – жылдағы дәстүр. Ғұмырының соңына дейін ел үшін аянбаған адал ісін бүгінгі ұрпағы айтып, шығармаға арқау етіп жүр.
Қазір бұл орын қала жастары көп серуендейтін, саялы орынға айналған. Бюстінің айналасы жасыл желекке айналып, жарықтандырылған. Күндіз де, түнде де жастар көп жүреді. Талапты жастың бірі, жас ақын Азамат Тұрсынбайды сол маңнан кездестірдік. М.Әуезов атындағы ОҚУ филология факульетінің 3-ші курс студенті. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық ALASH STAR – «Жұлдызды сәт» көркемсөз оқу және жас ақындар байқауында көркемсөз номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай салған дара жол» халықаралық өнер және білім байқауында да бас жүлдеге ие болды.
Осындай дарынды жас біртуар тұлғаға арнап, өлең де жазған. Асқаровтың ғибратты ғұмыры, артында қалған жақсы өнегесі талапты жасты жігерлендіріпті. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өткен жас ақындардың бәйгесінде арнау өлеңін оқып, қазылардың жоғары бағасын алған. Тау тұлғаның өнегелі істерін, ғұмырбаянын өзі туған ауылында мәдениет үйінің жетекшісінен естіп білген екен.
«Тау алыстаған сайын биіктейді» дейді халқымыз. Нар тұлғаның есімін ардақтау, қадірін арттыру, құрметтеу іс-шаралары көптеп ұйымдастырылса, жастарға берері мол. Шаһарда мұндай тағылымды істер қолға алынып та жатыр. Асанбай Асқаров атындағы көкпар бәйгесі ұйымдастырылып, мектептерде ашық сабақтар өтуде. Жыл басында қала әкімдігінде аталған 100 жылдық мерейтойды атап өту жөнінде кеңес өткен болатын. Оған Шымкент қаласындағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен А.Асқаровпен бірге қызмет атқарған, ол кісіден тәлім алған ел ағалары қатысып, пікір алмасқан. Дәстүрге сай биыл да 100 жылдық мерейтой қарсаңында тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Шымкент келбеті»