ЖАҢАШЫЛ АҒАРТУШЫ

241

Отбасылық кітапханада қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Шымкент қаласындағы мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаттың оқушылары қатысты. Іс-шараны Шымкент қалалық білім басқармасы әдістемелік орталықтың директоры М.Медетбекова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің әдіскері, п.ғ.м. Ж.А.Арысбаева ашты. №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаттың оқушылары А.Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып, шығармашылығына тоқталды.

А.Байтұрсынұлы атындағы № 50 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Медетбекова жасаған «А.Байтұрсынұлы – қазақ терминалогиясының тұңғыш ғылыми принциптерін жасаушы» тақырыбында пікір алмасылды. Ал №90 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ш.Исан «Ахмет – Алаш айбары!» ойталқысын ортаға салды.

Айта кетейік, 2022 жыл – халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын, аудармашы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейлі жыл.

– Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ – құрға шықтым.

Тұқымын адамдықтын шаштым, ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың – деген А.Байтұрсынұлының өлең жолдары оның бүкіл өмірінің эпиграфы іспеттес.

Ахмет Байтұрсынұлы – қыры мен сыры мейілінше мол адам. Біріншіден, ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Ол жазған мектеп оқулықтары 1914–1915 жылдан 1927-1928 жылға дейін пайдаланылып келді. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының «Әліп-биімен» ашып, ана тілін Байтұрсынұлының «Тіл құралы» арқылы оқып үйренді.

П.Бейбітова,
Шымкент қаласының
орталықтандырылған балалар
кітапханалар жүйесінің
бөлім меңгерушісі