ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

392

Бүгін Балтакөл ауылындағы мәдениет үйіне жиналған жұртшылық былтырдан бері ізгі ниетті, игілікті үрдіске айналған керемет шараның куәсі болды.

«Туған жерге тағзым» атты акцияның тұрақты кейіпкеріне айналып, әрқашан еті елім деп елжіреп, еміреніп жүретін тау тұлғалы, жомарт жүректі, мәрт мінезді асыл азамат Балтабай Асанов биылда әбден қалыптасып қалған дәстүрінен қалмай ауыл адамдарына тегін медициналық көмек көрсету мақсатында жерлестеріне медицина апталығының өтуіне себепкер болуда.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Шымкент қаласындағы «№14 Емдеу орталығы» ЖШС-нің білікті «Акушер-гиниколог, онколог, кардиолог, УЗД дәрігері, эндокринолог, хирург, ЭКГ медбике дәрігерлерін кіндік қаны тамған жеріне алып келген мейірімді азаматты балтакөлдік ағайындар құшақ жая қарсы алып, зор қошемет-құрмет көрсетті.

Балтакөл ауыл округінде жалпы саны 4150 ге жуық халық орналасқан, бүгінгі күннің өзінде дәрігерлер 500 ге жуық ауыл тұрғындарын қарап, медициналық көмек көрсеткен.

Айта кетерлігі аталған медицина қызметкерлері Балтакөл ауылындағы ауылдық ауруханасында 9-11 қыркүйек аралығында тегін көмек көрсетеді.

Білікті дәрігерлерден бөлек әлемдік аренада еліміздің даңқын аспандатып, көкке көтеріп жүрген дарабоз даңқты балуан Нұрсәт Темірханұлы шалғайда жатқан ауыл балаларына шеберлік сағатын өткізіп, спортсүйер қауымның әртүрлі сауалдарына тұщымды жауап беріп, мазмұнды кездесудің әрін аша түсті.

Түркістан облысы негізінен ауыл шаруашылық салалары үшін қолайлы аймақ саналады. Бүгінде Балтакөл ауылында мыңдаған егістік жерлер игеріліп, қауын, жүгері, жоңышқа секілді дақылдар өсірумен айналысып келеді.

Бүгінгі шарада ауыл тұрғындары тағы бір қайырымды істің куәсі болды. Шараға арнайы шақыртылған Шымкент қаласындағы ауылшаруашылық өнімдеріне арналған тыңайтқыш заттар өндіретін «ЮГ-АКТИВ БИО» ЖШС-нің мамандары ауыл шаруаларына кеңестер беріп, Балтабай Тасболатұлының демеушілігімен «552 литр» тыңайтқыш тегін үлестірілді.

Жиында «Алтын домбыра» иегері атанған айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбековтің арнау жырымен әрленіп, әсем әндермен өрнектелген әсерлі кеште дінтанушы ғалым Досай Кенжетайұлы сөздерін жеткізсе, Отырар ауданы әкімінің құттықтау хатын әкім орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы тапсырып, туған жеріне перзенттік ыстық ықылас–пейілімен әрдайым жанашырлық қамқорлығын нақты істері арқылы көрсетіп келе жатқан жомарт жүректі абзал жан Балтабай Асановқа отырарлық ағайындардың атынан шынайы алғысын айтып, еңбегіне толағай табыстар тіледі.