ЕРІКТІДЕ ЕРЛІКТІҢ ҮЛГІСІ БАР

266

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Өрттен зардап шеккен Қостанай өңіріне еліміздің түкпір-түкпірінен қайырымдылық көштері жөнелтілуде. Шымкент қаласындағы қайырымдылық қорлары, волонтерлар, қала тұрғындары барымен бөлісіп, қайырымдылық акциясына белсене үлес қосып жатыр. Жоғарғы оқу орындарының ерікті жастары, қала тұрғындары да қарап отырған жоқ. Өрттен зардап шеккен өңірлерге бүгінге дейін біршама гуманитарлық көмек берді. Иә, бұл қаладағы ерікті жастардың атқарған жұмыстарының бір парасы ғана.

Жастарға берері мол

Рас, волонтерлік қозғалыстың қоғамға, жастарға берері мол. Әсіресе, жастарға жол сілтер, дамуға бағыттайтын таптырмас мүмкіндік дер едік. Шымкент қаласында бүгінде оннан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, «ASАA» жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық», «Харекет» қайырымдылық қоры, Меyirim.kz қайырымдылық порталы, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, «Жасыл ел» еңбек жасақтары және тағы басқа волонтерлік ұйымдар қоғам өміріне белсене араласуда. Барлық ұйымда дарынды жастар шоғыры қалыптасқан.

Қалалық жастар ресурстық орталығы өкілдерінің мәліметінше, оннан астам волонтерлік ұйым, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 30-ға жуық волонтерлік топтар тығыз жұмыс атқарады. Онда тұрақты түрде төрт мыңнан астам белсенді ерікті жұмыс істейді.

Аталған волонтерлік ұйымдар мен топтар жыл басынан бері әлеуметтік, санитарлық-тазалық, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы акциялар аясында көптеген жақсы істерге ұйытқы болды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты. Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі қарт кісілердің қан қысымын өлшеп, жеміс-жидектермен қамтамасыз етті. «Birgemiz: Тaza Alem» жалпыұлттық жобасы аясындағы сенбіліктерге қатысып, тұрғын алабтарда, ардагерлер үйінде, мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты қарттардың шаңырағында, сонымен қатар, саябақтарда көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуде.

«Харекет» және «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорлары жыл басынан бері әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айрылған көп балалы отбасыларға баспана кілтін табыстады.

Олар үлес қосқан тағылымды іс-шаралар көп-ақ. Таяуда халықаралық жастар күніне орай волонтерларды оқытуға арналған семинар-тренингте көп жайтты аңғардық. Семинар-тренинг волонтерлар, жастардың бойында көшбасшылық, жауапкершілік қасиеттерінің қалыптасуына ықпал ету, волонтерлік қызметке қатысуға ынталандыруды мақсат еткен. Іс-шара барысында ұйым жетекшілері семинар тақырыбына сай дәріс оқып, жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті. Осы іс-шара барысында олардың ұйымшылдығын, тәжірибесімен бөлісуге құштарлығын, білімге, дамуға қарай ұмтылатындарына куә болдық.

– Волонтер болуға бұрыннан қызығатынмын. «ASАA» жастар қоғамдық бірлестігіне 2019 жылы келдім. Онда өзіме сенімді болу, адамдармен тез тіл табысу, дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрендім. Көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдім. Волонтерлік қозғалыс жастарға көптеген мүмкіндік береді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру, білім, жастармен жұмыс бағытында жобаларға қатысып, көп жағдайға қанықтым, – дейді талапты жастың бірі Мадина Өндірбай.

Жастармен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелестік. Ол жаңадан жасақталған волонтерлік топтың мүшесі әрі жетекшісі қызметін атқарады. Топ полиглот, өнерпаз, спортшы жастардан құралған. Бәрінің де арман-мақсаттары бір – ол кәсіби дағдыларын жетілдіріп, сауатты маман болу.

Олар – дамушы орта

Қаладағы белсенді волонтерлік ұйымның бірі – «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры. Қайырымдылық мекемесі 5 бағытта жұмыс істейді. Соның бірі – білім бағыты аясында 2020 жылы «Ізгілік» волонтерлар мектебі құрылды. Қазіргі уақытта мектепте 150-ге жуық волонтер тәлім алып жүр.

«Ізгілік» волонтерлер мектебінің басшысы Халида Шермұхамедтің айтуынша, бәрі де талапты, дарынды жастар. Онда волонтер болуға қызығушылық танытқандар 15 жастан бастап қабылданады.

– Қазіргі уақытта 145 волонтеріміз бар. Олардың арасында мектеп жасындағы балалар, 30, 40 жастан асқан аналар да бар. Біздің мектепте олардың білімін арттыру, жан-жақты дамыту бағытында тұрақты оқыту-семинарлары қолға алынған. Қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі іс-шараларға, оқыту-тренингтеріне қатысып келеміз. Білікті координаторлар волонтерлік ұғым туралы, командалық жұмыс, адаптация, конфликтология сияқты түрлі тақырыптарда дәріс өтеді. Олар бірнеше тілді меңгерген білікті мамандар. Ал топта өнерлі, полиглот және дарынды спортшылар көп. Тігін, тоқыма тіге алатын өнерлілер де кездеседі. Дамушы орта ғой. Оларға мен өзім де дәріс беремін, – дейді мектептің жетекшісі.

Халида Шермұхамедпен де жақыннан таныстық. Білікті волонтер Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының түлегі. Мамандығы – фармацевт-технолог. 6 тілде еркін сөйлейді. Халықаралық деңгейдегі волонтерлік қозғалыстарда тәжірибе алмасудан өткен. 3 жылдан бері осы қозғалыстың белсенді мүшелерінің бірі.

Азамат – белсенді волонтер

Шымкентте «Дара» дарындыларды қолдау қоры мен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен «Tartyl Fest» республикалық спорт фестивалі өткен болатын. Белтемірге тартылу сайысында жеңімпаз атанып, рекордтық нәтижені жаңартқан Азамат Сапар да волонтер жастың бірі. Street workout спортының өкілі, дарынды жас «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының белсенді мүшелерінің бірі екенін көпшілік біле бермес. Ол да әрдайым өзін-өзі жетілдіріп жүрген дарынды азамат.

Мықтылардың сайысында турникте 41 рет тартылып, рекорд жаңартқан споршы қазір қызу дайындық үстінде. Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық финалдық кезеңде
Шымкент қаласының атынан бақ сынайды. Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Мінекей, волонтерлік қозғалыс – жастардың нағыз қозғаушы күші. Шымкентте ерікті болуға, өзін-өзі жетілдіруге ниеттенген жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай.

«Шымкент келбеті»