ТҰТҚЫНДА ӨТКЕН ТӨРТ ЖАРЫМ ЖЫЛ…

287

«Өмір деген мың бұралаң жол екен. Сол жолда қиындық көрсең де, қиянат көрме, қарағым!» деп еді. Иә, ол оны бекер айтқан жоқ.
…Әділетсіз саясат өзінің шырмауына матап, тағдыры тәлкекке түскен, төрт жарым жыл темір тордың ар жағында зорлық пен қорлықтың, азап пен мазақтың төзгісіз теперішін бастан кешірсе де, шындық үшін мойымаған, сынбаған халқымыздың қадірлі ұлдарының бірі Асанбай Асқаров 1991 жылдың қара күзінде қамаудан босатылып, отының басына оралды. Тар жол, тайғақ кешуден келген есіл ердің есендігін біліп, саулығын сұрау үшін сол кездері Алматыға ағылған халықта есеп жоқ болатын. Оның бәрін жарқын жүзбен, қуанышты пейілмен қарсы алып, шығарып салып жатқан Асанбай ағаның жары Фатима апай бізге де есігін жайдары қалыппен ашып еді. Сол кездері әр сағат, минуты сәлем берушілерден босамай жатқан Асанбай Асқаровпен жүздесіп, сұхбаттасуымызға Фариза Оңғарсынова апайдың үлкен көмегі болғанын айта кеткенім жөн болар. Тұтқыннан жаңадан босаған Асанбай ағамен сол жолы сағатқа жуық әңгімелесудің сәті түсті. Тоталитарлық жүйенің жүгенсіз әрекетінен жазықсыз жапа шеккен қайраткер азаматтың жан тебіренткен сол әңгімесі әлі күнге жадымда.

Табаны күректей төрт жарым жыл тозақтың торында ұстағанда мемлекеттік айыптаушылардың Асқаровты мойындатамыз деп, «қылмысын» дәлелдемекке тырысқан әрекетінен не шықты? Түк те шыққан жоқ. Бірақ…
Таққан айыптары тұрлаусыз, тұтқасыз болғандықтан, тым құрыса біреуіне табан тіреп тұра алмай, тайғанақтап, тапырақтаған КСРО Бас Прокуроры жанындағы ерекше маңызды істер жөніндегі тергеуші, 3 класты заңгер Владимир Калиниченко бастаған тергеушілер өздерінің қолдан құйған қылмыстық қабырғаларын құлатып, абыройларын төгіп алмас үшін арамтер болып, аласұрды.
Ең басында Асқаровты желтоқсан оқиғасымен қаралады. «Бүлікті ұйымдастырушысың» деп шүйлікті. Бірақ қанша тергеп, тексергенмен бұдан ұтатын, ұстайтын ештеңе таппаған соң олар лып етіп айыптаудың басқа амалына ауысты. Тіпті өздерінің бұл негізсіз өктемдіктерінің, қисынсыз қысымдарының ізін өшіру үшін желтоқсанға байланысты тергеу протоколдарын үшті-күйлі жоқ қылып жіберді.
Сол кездегі ұрымтал тұс осы деді ме, олар одан соң оған «ұлтшылсың» деп ұрынды. Бірақ сол парықсыз пақырлар ұлтын сүю дегеннің ұлы қасиет екенін, өз ұлтыңды жақсы көру өзге ұлтты кемсіту емес, керісінше, өзіңді сыйлай білгенің, өзгенің де қадіріне жете білетіндігің екенін зерделемей, көрсоқырлықпен зікір салды. Егер ол шындығында әлгі айыптаушылар арандатып отырғандай, өзге ұлтты өгейсіткен «ұлтшыл» болса, оған сол кезде қоғамдық қорғаушы болып А.Е.Герашенко неге шырылдап ара түсті? Неге ол сотта сөйлегеніндей: «…Асқаровты қорғауды орыстар, украиндар, өзбектер, татарлар, корейлер, немістер, өзге көптеген ұлт өкілдері талап етеді. Ондай өтініш КСРО халық депутаты С. Федоровтан да түсті».
Ендеше, қисынға келмейтін бұл айыптаудан да тергеушілердің адымдары ұзаққа бармады. Енді олар оны «рушылсың, төңірегіңе ылғи туған туысқандарыңды топтастырып алғансың» дегенге көшті. Тексере келгенде Асқаровтың Шымкент облысына бірде бір туысын апармағаны анықталды.
Асқаровқа тағылған дүмбілез айыптаудың тағы бірі – «Шымкентте жоспардан тыс демалыс аймағын салдырдың» дегендері болды. Қытыққа тиіп, қыжылды қайнататын осынау қиянатты қаралауды да олар «суға кеткен тал қармайдының» кебімен, әйтеуір, қайткенде де кінәлау үшін киліктіргені ақиқат. Әйтпесе Шымкенттегі ең шырайлы демалыс орындары саналатын, халықтың игілігіне айналған дендросаябақ пен ипподромды, хайуанаттар бағы мен балалар темір жолын, Даңқ мемориалы мен «Қайнар» мейрамханасын ол өзінің жеке басының рахаты үшін салдырып па еді? Халықтың қамы, халықтың игілігіне арналып жасалған ересен еңбегі үшін айыптап, жазаға тарту қайсы заңның тармағында жазылды екен? Мұндай сорақылық тек әділетсіз, қаскүнем заңқойлардың ғана қолынан келетін қысастық, кесапат болатын.
Масқарасы сол, бұл айыптаулармен Асқаровты ақсата алмастарына көздері жеткен соң олар енді ең құйтырқы тәсілге көшіп, оны «парақор» етіп шығарды. Және қылмысты істі тексеру, тергеу барысында «анықталған» фактілердің мейлінше таңдандыратын тұсы сол, Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарында партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген 26 жыл ішінде неге тек Шымкентте қызмет еткен жеті жылда парақор болып қалды? Асанбай Асқаров Жамбыл мен Алматыда да дәл осындай биліктің биігінде отырды емес пе? Егер ол шынымен парақор болса, солай деп пәле жапқан тергеушілер қанша тергеп, тінтігенімен сол жылдардағы қызметінен қалайша кінәрат таппай қалды? Сол кездері ол КОКП және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Нағыз дүрілдеп, дүркіреп тұрған, «қолынан келіп, қонышынан баса алатын» шағы еді. Бірақ тергеу бұл жылдардағы қызметінен қылаудай қылмыс таба алмады. Сонда елу жылдай еліне қадірлі қызмет атқарып, құрмет пен беделдің биігін еңбегімен еншілеген адам соңғы бес-алты жылда парақор бола қалғаны қай қисынға сияды?
Тегі осы айыптың бәрін бұлтартпай мойнына қойып бере алатын болғанда оны сол өзі «қылмыс істеген» Қазақстанның аумағында емес, басқа республикаға апарып соттауға қандай қажеттілік туды? Ол аз десеңіз, тұтқынға алғаннан кейін де Қазақстан түрмесінде орын құрып қалғандай, Мәскеудің абақтысына апарып тығуы әлдебір құйтырқы жоспардың жобасын аңғартып тұрғаны айқын еді.
Тіпті әрбірден соң тергеудің төрт жарым жылға созылғандығы ол – Асқаровтың «қылмысының» күрделілігінен немесе көптігінен емес, ол – КСРО Прокуратурасының қолдан жасаған қылмыс құрамын қисынды қиюластыра алмай, әлекке түскендігінен, Асқаровқа тағатын татымды айыпқа тұтқа таппай тіміскіленіп, титықтауымен созылып келген уақыт болатын.
Асқаровты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарғанда да бұл үкім оның «қылмысын» мойнына бұлтартпай қойып, дәлелдегендіктен шыққан үкім емес, төрт жарым жыл дүрліктірген тергеудің «жеміссіз» кетпеуін, өздерінің абыройы мен атына нұқсан келмеуді көздеген мақсаттан туған үкім екендігін сотқа қатысқан қалың халық бүкіл сот процесінде айқын аңғарып отырған еді.
Қатаң үкім оқылды. Бірақ Асқаров сол үкімге лайық жан болса, халық неге күңіреніп, күйзелді деген заңды сұрақ та туады. Бәрі де шындықпен шегеленіп, әділдікпен шешілсе, қалың көпшілік сотқа алғыс айтудың орнына қарғыс айтып, наразылық танытпас еді ғой.
Бірақ қалай дегенде де халықтың тілегі, халықтың талабы жеңді. Асанбай Асқаров төрт жарым жылдан соң шаңырағының төріне оралды. Рас, жүрекке жазылмас жара түскен де шығар. Әйтсе де, ол – азапты жолдан келген аяулы азаматтың ғана емес, бүтін бір елдің жанына батқан жара болды. Халықтың қабырғасының қайысқаны да, жанының қамыққаны да содан еді.
Асанбай Асқарұлының ақылы мен парасатына, білімі мен шешендігіне оның әңгімесін тыңдай отырып тәнті болған едім. Ол кісі әсіресе тарихты терең біледі екен. Сөздің жүйесін тауып, кез келген мәселеге өзінің көзқарасы мен пікірін батыл білдіріп отыратын елі сүйген қайсар ермен дидарғанибет жүздескен сол бір сәт әркез жадымда жаңғырып тұрады.
Қоштасар сәтте есіктің аузына дейін ұзатып салған ардақты аға: «Өмір деген мың бүралаң жол екен. Тек сол жолда қиындық көрсең де, қиянат көрме, қарағым» деген еді. Оның жанының қиянаттан аяусыз жараланғанын алғаусыз ұққан едім сонда.

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі