ҰРПАҚ САУЛЫҒЫ – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ 

34

Ұлт саулығы ұрпақ саулығынан бастау алатыны сөзсіз. Ұрпақ саулығының сапасын арттыру мақсатында еліміздегі перинаталдық орталықтарды гипотермия аппаратымен жабдықтау жалғасып жатыр. Күні кеше Шымкент қалалық перинаталдық орталығына нәрестелердің шетінеуін азайтып, мүгедектігінің алдын алуға арналған заманауи медицина жабдығы салтанатты түрде тапсырылды. Бұл кешенді жабдық босану кезінде кездесетін ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын тұрақтандыруға арналған.

Қорлардың харекеті мол

Игі шара — «Ayala» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларының бірлескен жобасы.
— «Ayala» қоры елімізде 15 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, бүгінде демеушілердің қолдауымен еліміздегі 75 денсаулық сақтау ұйымына 100-ден астам заманауи құрылғы алуға көмектескенімізді мақтанышпен айта аламыз. 2017 жылы «Ayala» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Бүгінге дейін Қазақстанның 12 қаласында қор орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған сәбидің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. Бұл кешенді жабдық босану кезінде ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіруге арналған. Ал, республика көлемінде орнатылған 12 кешеннің алтауы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен алынып отыр, — деді «Ayala» қорының өкілі Наталья Еськова.
Бүгінде «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Басқарылатын гипотермия» жобасының алғашқы нәтижелері жарияланып отыр. 2021 жылдың мамыр айынан 2022 жылдың қыркүйек айына дейін автоматты гипотермия жабдықтары арқылы жаңа туған 22 нәресте құтқарылған.
— «Samruk-Kazyna Trust» қоры өткен жылдан бастап «Ayala» қорымен бірлесіп, игі бір жобаны жүргізіп келеді. Біздің қор үшін денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау — маңызды басымдықтың бірі. «Басқарылатын гипотермия» жобасы басталған күннен бері 6 аппарат 22 баланың өмірін сақтап қалуға сеп болды. Алғашқылардың бірі болып, Қарағанды облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығында ауыр және орташа асфиксиямен туған 16 бала осы автоматты гипотермия аппаратының көмегімен аман қалды. Сондай-ақ, гипотермия аппараттары орнатылғаннан кейін Ақтауда 3 сәбиге, Талдықорғанда, Өскеменде және Шымкентте бір нәрестеге күтім жасалған, — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.

Қолдау тапқан ұсыныс

Мамандардың айтуынша, Шымкент — «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен мұндай заманауи жабдыққа қол жеткізіп отырған алтыншы өңір. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан алынған заманауи гипотермия аппараттары мен энцефалография мониторлары Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы 5 облыстық перинаталдық орталыққа және Шымкент қалалық перинаталдық орталығына табысталып отыр. Жабдықтардың жалпы құны 132 миллион теңгені құраған.
— «Ayala» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларының өтінішімізді жауапсыз қалдырмағанына шексіз қуаныштымыз. Жуырда орнатылған жабдықтың көмегімен ауыр асфиксиямен туған сәбидің өмірін сақтап қалдық. Мәселен, бұған дейін асфиксия жағдайында реанимацияларда механикалық гипотермия әдісі қолданылып келді. Қажетті температураны 3 тәулік бойы +34 градуста қалыпты деңгейде ұстап тұру, кейін баланың денесін біртіндеп жылыту өте қиынға соғатын. Енді автоматтандырылған кешеннің көмегімен жұмыс едәуір оңтайланып, бала денсаулығына келетін қауіптің алдын алуға мол мүмкіндік туып отыр, — деді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Дәулет Сатов.
Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзінде туылатын сәбилердің шамамен 23 пайызы ауыр және орташа асфиксияға душар болады екен.
— Асфиксияның (тұншығу) себебі өте көп. Асфиксия тудыратын жағдайдың бірі — ананың денсаулығындағы кінәраттың балаға берілуі немесе зиянды әдеттердің салдары болса, екіншісі – босану кезінде анықталатын жағдайлар. Терапиялық гипотермия сәби дүниеге келген алғашқы сағаттарда қолданылады. Арнайы жабдық алынғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия әдісін қолданып келген едік. Енді автоматтандырылған кешеннің көмегімен нәрестенің жайын жан-жақты бақылау мүмкіндігі туғаны қуантады. Мәселен, жыл басынан бері Шымкент қалалық перинаталдық орталығында 4560 сәби туылса, оның 500-ге жуығы реанимация бөлімінің көмегіне жүгінді. Ал, 5 сәби асфиксиямен туылды. Кешенді құрылғы орнатылғанға дейін төртеуіне механикалық гипотермия әдісімен қадағалап, ем-дом жасадық. Ал, бесінші сәби осы құрылғының көмегімен емделіп, отбасына оралды. Асфиксияны емдеудің басты хаттамасына сәйкес, жаңа туған нәрестенің ми жасушаларын зақымданудан сақтау үшін 72 сағат бойы дене температурасын +34 градусқа дейін төмендетіп, оны бірқалыпты ұстау керек. Үшінші тәуліктен соң баланың жағдайы жақсарған кезде дене температурасын біртіндеп қалыпқа келтіріп, келесі ем-дом тағайындалады. Ал, бұл кешенді заманауи құрылғыда барлығы автоматтандырылған. Яғни, құрылғы бала ағзасындағы метобализмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етіп, сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, баланың дене температурасын қалыпты деңгейде ұстауға және динамикасын жан-жақты қадағалауға көмектеседі, — дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы реанимация бөлімінің меңгерушісі Миродил Миркурбанов.

Балалар ауруханасының базасы жаңарды

2022 жылдың 8 айында Шымкентте 20 895 сәби дүние есігін ашыпты. Оның 10 755-і ер бала болса, 10 140-ы қыз бала. Бұл туралы салтанатты шара барысында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Ана мен бала денсаулығын сақтау» бөлімінің басшысы Инна Глазебная мәлімдеді.
— «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде, сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын қорғау мен балалар жылы аясында кешенді іс-шаралар жоспары түзіліп, бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Бүгінде жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту 88 пайызға дейін ұлғайды. Ал, 2021 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда биыл нәресте өлім-жітімі 10,9 пайызға төмендеді. Ауруларды уақтылы анықтау және балалар мүгедектігін төмендету мақсатында ерте жастағы балаларды проактивті скринингтермен қамту 86 пайызға дейін өсті. Олардың қатарында неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық, психофизикалық скринингтер бар, — дейді И.Глазебная.
Мамандардың айтуынша, балаларға мамандандырылған көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жарақтандырылуы 96% пайызға дейін жақсарып, заманауи медициналық жабдықтар сатып алынған.
— Балалар жылында Шымкент қалалалық балалар ауруханасының базасында бұрын болмаған онкогематология, нейрохирургия, интервенциялық кардиохирургия, нефрология бөлімшелері ашылып, дамуда. Нәтижесінде республикалық орталықтарда ғана жасалып келген күрделі оталар өзімізде жасалып жүр. Мәселен, биыл 76 нейрохирургиялық операция жасалды, — дейді И.Глазебная.
«Баланың табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп балаға ерекше қамқорлық танытатын халықпыз. Бізді ана мен бала өлімінің біршама азайып, денсаулық сақтау саласының Балалар жылында қол жеткізген жетістіктері қуантып отыр. Десек те, дәрігерлер ұлт саулығын ойлап, дүниеге сау ұрпақ әкелу үшін ана денсаулығы маңызды рөл атқаратынын ескертеді.

 

«Шымкент келбеті»