ШЫМКЕНТ ЖАҢА ГҮЛЗАРМЕН ТОЛЫҚТЫ ЖӘНЕ ӨЗ ІСІНІҢ БІЛІГІР МАМАНЫ БОЛУ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

281

Шымкент қаласының 11- ші шағын ауданына қарасты гүлзардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.

Нысанның ашылуына қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Халықты жаңа гүлзардың ашылуымен құттықтаған шаһар басшысы, демалыс аймағын күтіп ұстаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

Гүлзардың аумағы 1,600 га қамтиды. Мұнда амфитеатрмен қоса, құрғақ субұрқақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы орнатылды.

Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, велосипед қойылатын жер, биодәретхана, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылды.

Құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метр, көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр.

Аталған нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталып, белгіленген мерзімінен бұрын пайдалануға берілуде.

Ресми ашылу салтанатынан соң қала әкімі тұрғындармен бірге гүлзарға ағаш екті.

Қараусыз қалғандай күй кешкен жердің әдемі әрі демалыс аймағына айналуы — көптің ризашылығын тудырды. Жергілікті жұртшылық игі іске алғыс білдірді.

 

ӨЗ ІСІНІҢ БІЛІГІР МАМАНЫ БОЛУ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және насихаттау бойынша жиын өтті. Жиынға оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Университеттің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Бердіқұл Садықов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттар, жастарға жүктелген міндеттер туралы әңгімеледі. Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың білімге ден қойып, өз ісінің білгір маманы болудың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысының әр Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсетілетіні жөнінде айтылып келеді. Жастар қандай білім алса да, қандай кәсіп бастаса да мемлекет тарапынан қолдау барын сезінуі тиіс. Қазір ғылымды игеріп, кәсібін дамытып, тек алға қадам басатын кезең. Жас буын жасампаз болса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз, – деді Б.Садықов.

Кездесуде Жолдау аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Жолдауда айтылғандай, жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болатыны анық. Осы тақырып аясында студенттер өзара пікір алмасты.